«Алатау жарық» цифрландырылады
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ цифрландыру және автоматтандыру бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді. 19 желтоқсанда «АЖК» АҚ-да диспетчерлік пункттерді қайта құрылымдау жобасының тұсаукесері өтті.
Алматы, NEGE. Бүгінгі күнде өндірістік процестерді ақпараттандыру – компания қызметінде барған сайын басымдық орын алуда. Алматы қаласының энергожүйесіндегі ауытқулар мен апатты жағдайларды жою бойынша жылдам әрі дұрыс шешімдерді қабылдау үшін «АЖК» АҚ Қазақстанда алғаш рет алты аудандық диспетчерлік пункттерді жедел-ақпараттық кешендермен және ұжымдық пайдалануды бейнелеу жүйелерімен (бейнепанельдер негізінде) жарақтандыра отырып, қайта құрылымдау жобасын іске асырды.
Ұжымдық пайдалану ақпаратын бейнелейтін жүйе – бейнеқабырға, онда барлық негізгі энергия объектілері (барлық коммутациялық аппараттар бейнеленген қосалқы станциялар, БП, ТҚС) бейнеленіп, ауданның коммутациялық схемасы шығарылған.
Диспетчердің жұмыс үстелінде орнатылған SCADA жүйесі ЭТА тораптарының жалпы схемасын, сондай-ақ Телеметрия деректерін шығара отырып, энергообъектілерінің бір желілік схемаларын көрсетуге мүмкіндік береді.
«Бұл жоба, бірінші кезекте, электр тораптық кешенді басқару жүйесін үнемі жетілдіруге және «АЖК» АҚ-ның басты міндеті – тұтынушыларды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған», – деп атап өтті «АЖК» АҚ Басқарма Төрағасы М.Үмбетов.