Алатау қаласы туралы Конституциялық заң қабылданды
Қос палатаның бірлескен отырысында Парламент депутаттары «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады.
Астана, NEGE. Заң Алатау қаласының қарқынды және тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.
Құжатқа сәйкес, Алатау жеке қаржылық моделі, арнайы басқару режимі және сапалық тұрғыдан жаңа деңгейдегі институционалдық базасы бар дербес экожүйе ретінде қарастырылады.
Қала бюджеті республикалық бюджет шеңберінде блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасады. Ол негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.
Жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады. Оған премьер-министр жетекшілік етеді.
«Кеңес қаланы дамытуға қатысты стратегиялық шешімдерді, сондай-ақ әкімшілік актілерін бекітеді. Бұл актілердің заңдық күші жергілікті деңгейде заңдарға теңестіріледі. Әкімшіліктің атқарушы функциясын Бас атқарушы директор іске асырады.
Бұл ретте мәслихат пен әкімдік сияқты конституциялық жергілікті басқару органдарының қызметі түбегейлі өзгермейді. Олар қаланың әлеуметтік, коммуналдық және саяси салалардағы күнделікті тіршілігін қамтамасыз етеді», – делінген заң жобасын таныстатын құжатта.
Ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қала бюджеті өзін-өзі толық қамтамасыз ету деңгейіне жеткенге дейін Алатау бюджетінің қаражатын республикалық және өзге де бюджеттерге алуға тыйым салынады.
Алатау оффшорлық аймақ болмайды, – деп сендірді вице-премьер Қанат Бозымбаев.