Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Zeekr жүргізушісі кінәсін толық мойындады

Бүгін, 1 маусымда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамның өмірін қиған әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты басты сот отырысы басталды.

kris_p_almata

Астана, NEGE. Айыпталушы – Zeekr жүргізушісі Александр Пак сотта өзіне тағылған айыптар бойынша кінәсін толық мойындайтынын айтты. Ол Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша: «Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқару қағидаларын бұзу» бойынша айыпталып отыр.

Қайтыс болған Mercedes жүргізушісінің әпкесі сотталушыға ешқандай талабы жоқ екенін айтты. Материалдық және моральдық шығын өтелген.

Айта кетейік, 28 мамырда өткен алдын ала сот тыңдауында прокурор айыптау актісін оқыды. Оның мәлімдеуінше, жүргізуші белгіленген жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан астам мөлшерде асырып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Мендіқұлов көшесімен қиылыста қарсы бағытқа шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Айыпталушының қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған, бұл орташа дәрежедегі масаңдық күйге сәйкес келеді. Сонымен қатар, сараптама қорытындысына сәйкес, Zeekr көлігінің қарсы жолаққа шыққаннан кейінгі жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған болуы мүмкін екені анықталды.

Еске салсақ, жантүршігерлік жол апаты биыл 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылында болған. Салдарынан үш адам көз жұмды.

Осы жайттан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу таяуда аяқталды.

Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.