Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды

Алматының әл-Фараби даңғылында наурызда үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты іс бойынша полиция департаментінің қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

kris_p_almata

Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның әрекетсіздігі Zeekr автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына әкеп соқтырған.

«20 мамырда Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкеріне (полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі) қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (Ауыр зардаптарға алып келген қызметтік әрекетсіздік) бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр», – деп хабарлады департамент өкілдері.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі (Лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша, пайдалануға тыйым салынған сериядағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін заңсыз беру фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны мәлім болды.

Еске салсақ, Алматыдағы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен ішіндегі екі қыз қаза тапты. ІІМ мәліметінше, адам өліміне әкелген жол апатына күдікті деп танылған Zeekr жүргізушісі апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.

Жол апатынан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Жол апатында күдікті ретінде танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі 7 сәуірде ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды.

Бұл іс бойынша алдын ала сот отырысы 28 мамырға белгіленді. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралады.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда жұмыс берушілер жасөспірімдерді сақтандыруға міндеттелмек

Екі жылға сотталған Жанабыловтар әлеуметтік желіге қайта оралды

Отбасы банк «Бәйтерекке» 100 млрд теңге дивиденд төлейді

56 құрылыс компаниясы жалған жұмыс тәжірибесімен мемлекеттік сатып алуларға қатысқан