Ақтауда жоғалып кеткен бозбаланың мәйіті судан табылды

7 шілде күні Ақтау маңында жоғалып кеткен 18 жастағы Азамат Дүйсехановты іздеу жұмыстары тоқтатылды.

instagram.com/112mangystau

Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауының жабдықталмаған учаскесінде суға түсу кезінде жоғалып кеткен жасөспірімді іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Бүгін Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде ТЖМ қызметкерлері жағалаудан 10 метр қашықтықта судан жасөспірімнің мәйітін тауып, жағаға шығарды», – делінген хабарламада.

Кейін мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Еске салсақ, бір апта бұрын Ақтаудағы O'Mir курорттық қонақүйі маңында жоғалып кеткен  Азамат Дүйсехановты іздестіру жұмыстарына ТЖД қызметкерлерімен қатар, әскери теңіз күштерінің сүңгуірлері мен дрондар жұмылдырылған болатын.