Ақтауда депутат пластикалық отадан кейін қайтыс болды
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жеке клиникада ота жасатқан соң қайтыс болды. Ол медициналық орталыққа алқымындағы артық майды алдыру үшін жүгінген еді.
Астана, NEGE. 4 сәуірде наркоз беру кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған, деп жазады «Криминальный Казахстан».
Марқұмның жұбайының айтуынша, интубация дұрыс қойылмағандықтан, 49 жастағы ер адамның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп кеткен. Осыдан кейін ол инсульт алып, комаға түскен. Бір айдан кейін 5 мамырда қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, медициналық мекеме алғашқы көмекті уақытылы көрсетпеген және науқастың нақты жағдайын жасырған.
Осы жайттан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті емханаға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру кезінде клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталған. Ведомство мәліметінше, операциялық блок толық жабдықталмаған, кейбір құрылғылардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, сондай-ақ анафилактикалық шокқа қарсы құралдар жоқ болып шыққан.
Сонымен қатар медициналық мекемеде ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге арналған лицензия болмағаны анықталған. Сондай-ақ департамент өкілдері науқасты ота алдында толық тексеруден өткізбегенін және медициналық қарсы көрсетілімдері болса да, ота жасауға рұқсат берілгенін анықтады.
Тексеру нәтижесі бойынша хаттама толтырылып, іс материалдары прокуратураға жолданады.
Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған және 2023 жылдан бастап Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және негізгі салалар комитетін басқарған.
Айта кетейік, 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова жергілікті анестезиямен жоспарлы липосакция жасату кезінде көз жұмды. Марқұмның туыстарының мәлімдеуінше, дәрігерлер әйелдің ота үстінде қайтыс болғанын дер кезінде хабарламаған. Алматы қалалық полиция қызметі бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғады.