Пластикалық ота жасатуға барған: Алматыда блогер Сәуле Ермаханова көз жұмды
Қайғылы жағдай 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде болған. Сол күні блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова клиникаға жергілікті анестезиямен жоспарлы липосакция жасатуға барған.
Астана, NEGE. Қайғылы жайттың мән-жайын марқұмның қызы Threads желісінде хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, ота бір жарым сағат шамасында жасалуы керек болған. Алайда ота жоспарлағаннан да ұзаққа созылып кеткен, тіпті туыстарына да ұзақ уақыт бойы еш хабар бермеген.
«Бір сағат. Бір жарым сағат. Екі. Үш. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Ештеңе айтпады», – дейді қызы.
Клиника дәрігерлері әйелдің қайтыс болғанын бірге еріп барған туысына тек кешкі сағат алты шамасында хабарлаған, ал жедел жәрдем жетіде барған.
«Үш сағат бойы ол жабық есіктің арғы жағында жалғыз жатқан. Біз ештеңе білмедік. Қазіргі уақытқа дейін көптеген сұрағымыз бар: дәрігерлер неге мұны бірден хабарламаған? Соншама уақыт бойы олар не істеді? Анамызды аман алып қалуға әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмаған?» – деп жазады марқұмның қызы.
Сондай-ақ ол өлімнің мән-жайы анықталмағанына қарамастан, клиника өз жұмысын белсенді түрде жалғастырып, жаңа пациенттерді отаға жазып жатқанын айтады. Осыған байланысты туыстары Сәуле Ермаханованың қазасына қатысты барлық жағдай толық анықталғанға дейін клиниканың қызметін тоқтатуды және әділ тергеу жүргізуді талап етуде.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«15 мамыр күні жекеменшік клиникалардың бірінде Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны көз жұмды. Бұл факт бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр» – делінген хабарламада.
Полицейлердің мәлімдеуінше, тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Қазір оқып жатыр
Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін?
Көлік әйнегін күңгірттеу бюджетке қосымша табыс әкелуі мүмкін
Тараз тұрғындары балабақша маңынан жүйіткіп өтетін көліктерден қауіптеніп, полициядан көмек сұрады
Дубайда өмір бойына сотталған қазақ жігітіне қандай айыптар тағылған?