АҚШ пен Иран текетіресінің төркіні
АҚШ пен Иран текетіресінің төркіні 1978 жылы парсы елінде болған Ислам төңкерісінен басталады. Nege.kz тілшісі 40 жылға жуық уақыт бойы бір-бірімен қырғиқабақ болып келе жатқан екі ел қарым-қатынасының тарихына үңіліп көрді.
Фото: 1978 жылғы революциядан кейін хиджаб киюге қарсы шыққан қыздар
Екі елдің өзара байланысы тарихына көз жүгіртсек, жас отбасыларға қатысты жиі айтылатындай: «басында бәрі жақсы болған» еді. Жалпы АҚШ пен Иран (ол кезде Парсы елі) өзара дипломатиялық байланысты 1883 жылы орнатты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде америкалықтар осы елдің аумағымен КСРО-ға ленд-лиз бойынша әскери техника, азық-түлік, т.б. қажет дүниелерді тасымалдап тұрды. Сол кезде Иранда бірқатар америкалық әскери нысандар да бой көтереді. Америкалықтар соғыс біткен соң Иранның өзіне қарызын кешіреді, Ирандағы өздері салған нысандарды Тегеранға арзанға сатуға келіседі. 1946 жылы Кеңес Одағы соғыс басында Иранға кіргізген әскерін шығарудан бас тартып, тіпті елдің бір бөлігін өзіне қосып алғысы келгенде, жанжалға араласып, араағайын болған Вашингтон Иранның көз алдындағы мәртебесін одан сайын биіктетіп алған еді.
Қазір айтса адам сенбес, бірақ 1950 жылы екі ел «Қорғаныс мақсатында өзара көмек беру» туралы әскери келісімге қол қояды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ақ үй Иранды Парсы шығанағы мен Орталық Азия өңіріндегі басты стратегиялық әріптесі ретінде қарастыра бастады. Сол себепті Иранның Парсы шығанағындағы басқыншылық саясатына, Ирактың территориясына көз алартуына да қолдау білдіреді.
Екі елдің қарым-қатынасы 1978 жылы Иранда болған Ислам төңкерісінен кейін күрт өзгерді. Америкалық трансұлттық корпорациялар елдің мұнай өндірісінен қуылды. 1980 жылы Тегеранда АҚШ елшілігінің қызметкерлері кепілге алынған соң, Құрама Штаттар Иранмен дипломатиялық байланысты үзіп, тұңғыш рет экономикалық санкция жариялайды.
Фото: 1980 жылы Тегеранда АҚШ елшілігінің қызметкерлерін кепілге алу барысы
Күні бүгінге дейін Иранда АҚШ-тың елшілігі де, консулдығы да жоқ. Көптеген сарапшы АҚШ-тың Иран мен Ирак арасындағы сегізжылдық соғыстың (1980-1988) тұтануына және ұзаққа созылуына да тікелей әрі жанама қатысы бар деп санайды.
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға мүдделі екені белгілі. Одан бөлек Иранды «Хезболла» сияқты ұйымдарды қолдау арқылы терроризмнің демеушісі деп санайды. Иран билігі өз кезегінде Израильдің мемлекет ретінде өмір сүру құқығы жоқ деп санайтынын жасырмайды.
Жағдай 2019 жылдың 20 маусымында Иран қарулы күштерінің әуе қорғанысы америкалық ұшқышсыз басқарылатын аппаратты атып түсірген соң шиеленісе бастады.
АҚШ-тың жауабы 2020 жылдың басында жетті. Д.Трамптың бұйрығымен Ислам төңкерісінің сақшылары корпусының қолбасшысы, генерал Қасым Сүлеймани қаза тапты.
АҚШ одақтастарымен бірге Иранды қатал экономикалық қыспаққа алып келгенімен, ұсақ әскери шиеленістер болғанымен, осы уақытқа дейін екі ел арасындағы текетірес мұндай қақтығыс деңгейіне жетпеген еді.
Әділ Ұзақбай