29 Шілде 13:43
...

Ана мен баланы қолдау – жәрдемақы төлеумен шектелмейді

Ана мен бала
Фото: 81.alschool.kz

   Ана мен баланың әлеуметтік жағдайы – мемлекеттің қоғамның әр мүшесіне деген көзқарасын айқын көрсететін маңызды өлшем.

 Бұл – тек әлеуметтік міндет ғана емес, елдің келешегіне бағытталған ұзақ мерзімді әрі стратегиялық инвестиция деуге болады. Өйткені әрбір бала – қоғамның болашақ тірегі, ал оған өмір сыйлаған ананың басты миссиясы –  ұрпағының іргетасын дұрыс әрі берік қалыптастыруға барын салу. Бұған мемлекет те бейжай қарамақ емес. Ана мен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігін терең түсінген еліміз соңғы жылдары қолдау көрсетудің жаңа деңгейін көрсетті. Ол үшін жаңа заңдар қабылданып, әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғайып, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалар іске қосылып, жүзеге асуда.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағытының бірі – бала күтіміне арналған жәрдемақылардың қолжетімділігін арттыру. Қазіргі таңда Қазақстанда 450 мыңнан астам отбасы бала күтіміне байланысты жәрдемақы алады. 2024 жылы бала тууға берілетін бірреттік төлем мөлшері де едәуір өсті. Мәселен, бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеге дейін көтерілді, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 217 700 теңге төленуде.

 Бұған қоса, 2023 жылдан бастап іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасының аясында 18 жасқа толған әрбір қазақстандық 18 миллион теңгеге жуық жинақ алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл – болашаққа жасалған орасан зор қадам.

  Көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға бағытталған әлеуметтік көмек көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2025 жылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балалардың күтіміне арналған жәрдемақы мөлшері 15%-ға көбейіп, ай сайынғы төлем 75 мың теңгеге жетті. Бұл тек қаржылай емес, моральдық тұрғыдан да үлкен қолдау. 

Ал өмірге сәби әкелге жас аналардың қайта жұмысқа оралуы үшін жаңа мүмкіндіктер берілді. Бала күтіміне берілетін демалыс мерзімі ұзартылып, жұмыс берушілерге икемді жұмыс кестесін енгізу ұсынылды. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында аналарға арналған «қайта бейімдеу орталықтары» жұмыс істейді. Бұл орталықтарда жас аналар жаңа мамандық игеріп, қысқа мерзімді IT, дизайн немесе онлайн-маркетинг курстарынан тегін өте алады. 2024 жылдың өзінде осындай бағдарламалар арқылы 7 мыңнан астам жас ана еңбек нарығына қайта оралғанын айта кеткен жөн. 

Ана мен бала
Фото: pinterest.com

     Ана болу – бала бағумен ғана шектелмейді, ол үлкен жауапкершілік пен үнемі күш-жігерді талап ететін жауапты міндет. Ана – болашақ азаматтың алғашқы тәрбиешісі әрі өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ананы қолдау – келер ұрпақ болашағынының жарқын болуына жол ашу. Осы орайда аналараға тек қаржылай ғана емес, ақпараттық және психологиялық қолдау керектігі сөзсіз. Мәселен, Павлодар облысында іске қосылған «Ана мектебі» жобасында аналарға отбасындағы қарым-қатынасты жақсарту, балалар психологиясын түсіну және эмоционалды шаршауды жеңу бойынша тренингтер өткізіліп келеді. Қазір мұндай орталық еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқаны қуантады.

Демек, ана мен бала жағдайын жасауға, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге қатысты ілгері өзгеріс көп. Соңғы бес жылда елімізде 500-ден астам жаңа мектеп салынып, олардың 70%-ы заманауи технологиялармен жабдықталған. Ал балабақшалар саны 2020 жылдан бері 10%-ға артты. Білім беру сапасын арттыру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылып, оның аясында 2026 жылға дейін тағы 400 жаңа мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар мектеп психологтарының саны артып, олардың қызметіне ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, 2024 жылы 2 мыңнан астам жаңа психолог мектептерге жұмысқа қабылданды.

Мұнымен қоса, балалардың құқықтарын қорғау жүйесі де жаңарып келеді. Балалар омбудсмені институтының өкілеттігі кеңейіп, олардың мүдделерін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бүгінде қоғамда балаларға қатысты болатын зорлық-зомбылықтың шығу тегі тез анықталып, оған қарсы шаралар күшейтіліп жатыр.

Мемлекеттік қолдау
ғаламтордан

Өңірлерде де ана мен балаға бағытталған жобалар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қызылорда облысында іске қосылған «Ана үйі» жобасы аясында 1 мыңнан астам жас ана әлеуметтік көмек алып, олардың 40%-ы шағын кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Алматы облысында «Ата-ана мектебі» бағдарламасы аясында жыл сайын 10 мыңнан астам ата-анаға психологиялық және педагогикалық кеңес беріледі. Бұл шаралар өзін қоғамнан тысқары санаған аналардың аяғынан тік тұрып, өз-өзін дамытуына және сенімді, белсенді болуына септігін тигізеді.

«Ана атану – үлкен мәртебе. Бірақ әйел өзін тек үй шаруасымен шектелген адам ретінде сезінбеуі керек. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары бізге демеу болып отыр. Мектептердегі психологтардың жұмысы, жаңа балабақшалардың ашылуы – үлкен көмек. Ауылдық жерлерде де осындай бастамалар кеңінен жүзеге асса, тұрмысымыз бұдан да жақсарар еді», – дейді Түркістан облысының тұрғыны, үш баланың анасы Мақпал Әлімбетова.

Ана мен баланы қолдау – тек әлеуметтік көмектер немесе жәрдемақы төлеу ғана емес, ұлттың дамуына бағытталған кешенді саясат. Бұл – болашаққа жасалған ең маңызды инвестиция. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпай, үнемі жаңартып, жалғасын тауып отыруы қажет. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, әрекет еткенде ғана әрбір бала қауіпсіз өмірде бақытты болып өседі. Осы бақытты әрбір ана мен бала толыққанды сезінуі керек.