АҚШ-тың жаңа салығы Қазақстанға қалай әсер етеді: министрлік түсіндірді
АҚШ 24 шілдеден бастап Қазақстанда өндірілген кейбір тауар түрлеріне 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж салығын енгізді. ҚР Сауда және интеграция министрлігі жаңа талаптың қазақстандық экспортқа қалай әсер ететінін түсіндірді.
Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, АҚШ 23 шілдеде 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдаған.
«2026 жылдың 24 шілдесінен бастап Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж енгізіледі. Бұл шара АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізбесіне енгізілген өнімдерге қолданылмайды», – делінген министрлік түсіндірмесінде.
Бұған дейін қазақстандық тауарларға 10% мөлшерінде уақытша импорттық үстеме қолданылған. Алайда оның 150 күндік мерзімі аяқталғандықтан, бұл үстеменің күші жойылды. Яғни бұрынғы 10% жаңа 12,5% баж салығына қосылмайды.
Сауда және интеграция министрлігінің есептеуінше, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж қолданылмайды.
Министрлік қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және екі тарапқа да тиімді шешім қабылдау үшін АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді.