АҚШ-та жұмбақ жағдайда қайтыс болған қазақстандық жігіттің денесі елге әкелінді

АҚШ-тың Чикаго қаласы маңында жоғалып кетіп, он күннен кейін мәйіті табылған қазақстандық Әсет Құралбайдың денесі елге жеткізілді.

threads.com/mnldrv

Астана, NEGE. Бұл жөнінде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев хабарлады.

«Бүгін, 25 маусымда аталған азаматтың денесі Қазақстанға жеткізілді. Біздің Нью-Йорктегі бас консулдық қажетті барлық консулдық-құқықтық қолдауды көрсетті», – деп мәлімдеді ол.

Еске салсақ, 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай маусым айының басында АҚШ-та жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Ол Чикаго қаласына жақын Форд-Хайтс ауданында тұрған. Соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан кейін одан хабар-ошар болмаған.

16 маусымда АҚШ-тың құзыретті органдарынан Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат келіп түскен. АҚШ тарабы табылған мәйіттің жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізгеннен кейін оның Әсет Құралбай екені ресми расталды.