АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық жігіттің денесі табылды

Бұған дейін АҚШ-та табылған мәйіт Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдікі екені ресми расталды.

Әлеуметтік желіден

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, АҚШ-тың құзырлы органдары табылған мәйіттің жеке басын анықтаған. Ол Қазақстан азаматы Әсет Құралбай болып шыққан.

«Осы ауыр қазаға байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың тиісті органдарымен және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста», – делінген СІМ хабарламасында.

Сондай-ақ марқұмның туыстарына құжаттарды рәсімдеу және мәйітті Қазақстанға жеткізу мәселелері бойынша көмек көрсетіліп жатқаны айтылды.

Еске салсақ, бұған дейін желіде 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың АҚШ-та жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады. Ол Чикаго қаласына жақын Форд-Хайтс ауданында тұрған. Соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бері телефоны сөндірулі болып, одан хабар-ошар болмаған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 16 маусымда АҚШ-тың құзыретті органдарынан Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат келіп түскенін, америкалық тарап оның жеке басын анықтауға қатысты тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.