АҚШ пен Иран келіссөздері аясында мұнай бағасы қайта өсті

Әлемдік мұнай бағасы бірнеше күндік құлдыраудан кейін қайта өсе бастады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлайды. 

freepik.com

Астана, NEGE. Сәрсенбі күні халықаралық нарықта мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттады. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 86,80 долларға дейін көтерілсе, WTI маркасының құны 81,95 долларға жетті.

Бағаның өсуіне АҚШ-тағы коммерциялық шикі мұнай қорының азайғаны туралы деректер әсер етті. Америкалық мұнай институтының (API) мәліметінше, 24 шілдеде аяқталған аптада қор көлемі 3,3 млн баррельге қысқарған.

Нарық тараптары OPEC+ елдерінің де алдағы шешімдерін жіті бақылап отыр. Инвесторлар мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды кейінге шегеруі мүмкін деген ақпаратқа да назар аударды. Бұл шешім нарықтағы мұнай ұсынысын шектеп, бағаның өсуіне ықпал етті.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы апталарда мұнай бағасының құбылуына Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал да әсер етіп отыр. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы шиеленіс, сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қатысты тәуекелдер нарықтағы белгісіздікті күшейткен.

Еске салайық, бұған дейін Brent мұнайының бағасы бір күнде шамамен 5%-ға төмендеп, екі аптадағы ең төменгі деңгейге түскен болатын. Ол кезде инвесторлар АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің бәсеңдеуін мұнай жеткізіліміне төнген қауіптің азаюы ретінде қабылдаған еді.