Академик-аңшының кабинетінде мүйізтұмсықтың тұлыбы бар ма?
Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирьяновтың кабинетінде түсірілген фотоның дауы саябырсып қалды. Алайда «Ректордың кабинетіндегі барыстың терісі қайда кетті? Тексерудің нәтижесі қалай болды?» деген сұрақтарға әлі жауап табылған жоқ.
- Тақырыпқа орай: Қайрат Закирьянов НЕГЕ академияның ақшасына аңға барады?
Nege.kz порталы осы мәселеге байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің және Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирьяновтың атына ресми сауал жолдаған.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі де, баспасөз қызметі де соңғы уақытта сауалдарымызға жауап берген емес. Заң талабын орындауды маңызды деп санауды ұмытса керек, сірә. Білім және ғылым министрлігінен «хатыңыз тіркелді» деген жауап алдық. Ендеше, олардан да жауап күтеміз.
Әзірге Қ.Закирьяновтың атына жолдаған хатымызға ғана жауап келді. Мемлекеттік тілде жолданған сауалға ректордың өзі емес, бірінші проректор М.З.Ескалиев «бәріне түсінікті тілде» жауап беріпті. Оған да шүкір дедік.
Сонымен, Ескалиев бүй деді: «Сіздің сауалыңызға байланысты, сондай-ақ сіздердің оқырмандарыңызға төмендегіні баяндаймыз:
Сіздер фотодан және видеодан көрген экспонаттардың бәрі біздің Спорттық және олимпиадалық даңқ республикалық музейінің экспонаттары, оларды 2014 жылы Академияның 70 жылдығына және одан басқа жылдары біздің әріптестеріміз бен жеке тұлғалар сыйлаған».
Бұл – «Фотода Қызыл кітапқа енген қар барысының терісі бейнеленген бе? Егер қар барысы болса, оны қайдан алдыңыз немесе қайдан аттыңыз?» деген сұрақтың жауабы.
«Жылына шетелге неше мәрте аңға шығасыз?» деген екінші сұрақтың жауабы мынадай болыпты: «Академия президентінің шетелдерге барлық сапары Академияның мүддесімен, сондай-ақ өзі басшылық ететін Дене шынықтыру және спорт университеттері халықаралық ассоциациясы және Студенттер спорты федерациясы жүйесімен байланысты, сапарға аталған ұйымдар есебінен шығады».
Үшінші сұрақ: Карантинге дейінгі жылдары шетелден қандай аңдарды ауладыңыз, оның шығыны (жолы, лицензиясы, аң терісін өңдеу және елге әкелу шығыны) қанша? Жауап төмендегідей:
«Шетелдерде болған кезінде қабылдаушы тарап қонағына өзінің қызметін ұсынады. Оңтүстік Африка Республикасында жергілікті туристік қызмет саванна және аңшылық саналады. Академия президентіне осы шараларға қатысу мүмкіндігі ұсынылған».
- Тақырыпқа орай: «Барыс көздеріңе сілеусін боп көрінген». Закирьянов өзін айыптаған көпшілікті НЕГЕ кінәлады?
Тағы бір сұрағымыз мынау еді: Сіз алыс-жақын шетелдерге академия ақшасына барытыныңызды айттыңыз. Аулап әкелген аң терілері академияға қажет пе?
«Академия президенті аң аулауға емес, іскерлік кездесулерге барады. Сондай-ақ Академия құрамында туризм факультеті бар. «Туризм» факультетінің студенттері оқу жоспарына сай әр елдің өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін білуге тиісті. Өз музейіміздің болуы абитуриенттердің қызығушылығын арттырады».
«Академияда ақылы түрде оқитын студенттердің саны қанша? Бір жылдық оқу ақысы нешеден? Мемлекеттік бюджеттен академияға қанша қаржы бөлінеді? Берілетін гранттардың саны неше?».
Бұл сұрақтардың жауабы мынадай: «Академияда шамамен 3000 студент оқиды, олардың 1100-дейі ақылы негізде білім алады. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқудың жылдық бағасы 600 мың теңге, «Туризм» мамандығы бойынша 500 мың теңге.
Академияда студенттер оқуына Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тапсырыс бөлмейді. Мемлекеттік білім гранттары студенттерге жалпы конкурс нәтижесі бойынша бөлінеді, студенттер ЖОО-ны өздері таңдайды.
Мемлекеттік грант иеленген студенттердің жалпы саны – 1345».
Академия басшылығына ресми сауал жолдағандағы мақсатымыз аңшы-ректордың кабинетіндегі барыс терісінің қайда кеткенін білу, шетелге сапарларының шығынын анықтау, ректордың қымбат хоббиі академия студенттеріне қаншалықты пайдалы екеніне көз жеткізу болатын. Өкінішке қарай, нақты сұрақтарға нақты жауап ала алмадық. Сондықтан өз бетімізше ізденіп көруге тура келді.
Ректордың кабинетінен арыстанның тұлыбын көрдік. Арыстан «Үлкен бестікке» кіреді. Оны ату – аңшылардың арманы. Сол себепті рұқсат алу да арзан емес.
Шетелдік аңшы-туристерге қызмет ететін Respect Safaris компаниясының сайтынан Оңтүстік Африкада арыстан атудың қанша тұратынын білдік.
Үш күн жүріп жас арыстанды аулаудың құны – 19 500 доллар. Үлкен арыстан ату – 29 500 доллар. Бұл сомаға кіретін қызмет түрлері мынау: Йоханнесбург әуежайынан күтіп алып, аңшылық шаруашылыққа әкелу, орналастыру, таңертең және кешке аңға алып шығу, аңшылыққа рұқсат қағазын рәсімдеу, тәжірибелі аңшының еріп жүруі тағысын-тағылар.
Ал енді 29 500 долларға не кірмейді? Йоханнесбургке дейін ұшып келу, медициналық сақтандыру, виза ашу, аудармашының қызметі, қосымша трофейлер құны, таксидермист (аң терісін өңдеуші) жұмысы, өз қаруыңды әкелуді рәсімдеу, қаруды жалға алу, жеке шығындар және қосымша экскурсиялар. Бұл шығындардың бәрін өз қалтаңнан төлейсің.
Йоханнесбург немесе Кейптаунға Алматыдан тікелей рейс жоқ. Еуропаның бір елінен немесе Таяу Шығыс елдері арқылы жетуге болады және билет құны арзан емес. Бұдан бөлек, аң ату құнына кірмей қалған қызмет түрлерін тізбелесеңіз, тағы бірнеше мың долларды шытырлатып санап беруіңіз мүмкін. Байқауымызша, ректордың кабинетінде «африкалық трофей» біреу ғана емес. Міне, осылайша Қайрат Қайруллинұлы «студенттер үшін маңдайынан атып әкелген арыстанның» орташа бағасын шамалап шығаруға болады.
Айтпақшы, «Үлкен бестіктің» ең қымбаты – мүйізтұмсық ату. Бағасы 65 мың доллардан басталады. Әлгі музейде «академия ақшасына атылған» мүйізтұмсық жоқ шығар деп үміттенеміз.
Академия ақшасына шетелден қанша аң атып әкелінгенін оқу орны басшылығы айтпады. Кабинеттегі барыстың терісі қайдан келгенін, оның қайда кеткенін де білу мүмкін болмады. Бәлкім, мұны тексеру жүргізіп жатқан құзырлы органдар анықтар?..