Айдар ӘЛІБАЕВ: 530 миллиард теңге – мемлекеттік қызметкерлердің көрсеткісі келген ақшасы ғана
Қазақстандық 354 шенеуніктің шетел банктерінде 350 миллиардқа жуық теңгесі бар екен. Бұл туралы LS порталы хабар таратты. Атап айтқанда, 54 мемлекеттік қызметкер ақшасын 59 елде сақтаған. 17 шенеунік 15 елдегі түрлі компаниялардың иесі не ортақ иесі екен. 377 жеке тұлғаның сыртта 466 жылжымайтын мүлкі тіркеліпті. Бұл жағдаяттар мемлекеттік қызметкерлердің табысын растау кезінде анықталып отыр.
Танымал экономист Айдар Әлібаев бұл мәселе жөнінде NEGE-ге сұхбат беріп, өткір пікір білдірді.
– Шенеуніктердің 350 миллиард теңгесі жөнінде қоғамда түрлі сауал туып отыр. Әсіресе, «бұл қаншалықты адал ақша?» деген сұрақ басым. Сіз бұған не дер едіңіз?
– Бұл ақшаның таза еңбекпен, адал жолмен табылмағанына көз жеткізу үшін зор ақыл иесі болудың қажеті шамалы. Бұған пара, откат, ұрлық, бюджетке қол салу, жымқыру арқылы қол жеткізуі мүмкін. Қалай десек те, сыбайлас жемқорлықтың табы бар. Мен неге олай деп есептеймін?
Біріншісі, қаражаттың көлемі күдікті. Мемлекеттік қызметкер адал еңбегімен мұндай ақша жинауы әсте мүмкін емес.
Екіншіден, егер маңдай терімен тапқан адал ақшасы болса, оны офшорға немесе шетелдік шотқа салып не қылсын? Оның керегі қанша? Осы жерде ұстаушы еді. Бір бөлігін жергілікті банктерге, бір бөлігін үйінде сақтар еді. Өйткені, бұл адам ұялатындай, қорқып үрейленетіндей ештеңе бүлдірген жоқ қой. Ал ақшасы арам жолмен, жемқорлықпен келсе, онда қаражатын офшорға жасырады.
– Бұл қаражат мемлекеттік қызметкерлердің табысын жариялау кезінде анықталыпты. Қаңтар оқиғасынан кейін билік шетелге кеткен қомақты қаражатты қайтару туралы жиі сөз қозғап жүр. Қазір анықталған қаражаттың бұған қатысы жоқ шығар?
– 530 миллиард теңге – 1 миллиард АҚШ долларынан сәл ғана асатын ақша. Меніңше, шетелде жатқан ақша бұдан жүздеген есе көп. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің көрсеткісі келген ақшасы ғана. Осы аз қаражаттың өзіне қатысты қойылатын сұрақ бар. Назарбаев билік жүргізген отыз жыл ішінде мемлекеттік қызметкерлер жүздеген миллиард долларды ұрлап, шетелге әкетті. Бұған қатысты әртүрлі бағалау бар. Менің пайымдауымша, 500 миллиард пен бір триллион АҚШ долларының арасында болуы мүмкін. Бұдан да асып жығылса, әсте таңқалмаймын.
Осыншама орасан көп қаражат елде болса, не болар еді? Сөз жоқ, біз қазіргіден әлдеқайда жақсы өмір сүрер едік.
– Қолды болып, шетелге кеткен қаржының қайтарудың мүмкіндігі қандай? Тым құрыса, бір бөлігін елге әкеле аламыз ба? Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардан қандай да бір нәтиже бар ма?
– Әрине, бұл өте күрделі үдеріс. Саяси ерік-жігер керек. Интернетте тиын-тебендердің қайтып жатқаны туралы ақпараттарды көзім шалып қалды. Бірақ бұл – арзымайтын ақша. Кеткен қаражаттың мыңнан бірі ғана.
Егер қомақты ақша туралы айтатын болсақ, қайтқан дәнеңе жоқ. Десе де, үдеріс жүріп жатыр. Одан бір пайда болар деген үміт бар.
Мемлекеттің активтерді қайтаратыны жөнінде Президент Тоқаевтың өзі бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. Жеке белсенділер де атсалыспақ. Мәселен, «Elge qaitaru» қоры да осымен түбегейлі айналыспақ. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетуіміз қажет. Қолға алған ісі алға бассын дейміз.
– Қазір мемлекеттік қызметкерді, оларға теңестірілген тұлғаларды және олардың жұбайларын ғана емес, бюджет қызметкерлері де табысын растауы керек екен. Олардың арасында жай ғана сабақ беретін мұғалімдер, медбикелер мен дәрігерлер де бар. Бұл қаншалықты дұрыс нәрсе?
– Қателеспесем, табыс 2021 жылдан бастап жарияланып жатыр. Кезең-кезең жүргізілу үстінде. Алдымен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жария етті. Сосын кезек қарапайым мемлекеттік қызметкерлерге келді. Биылдан бастап енді бюджет қызметкерлері жариялайды. 2024, 2025 жылдары бүкіл азаматтар тапсыруы тиіс.
Яғни, халықтың барлық топтары қамтылады. Меніңше, бұл дұрыс нәрсе. Мемлекеттік шенеуніктер табысын көрсеткен кезде, тек қана әйелінің немесе күйеуінің мүлкін көрсету жеткіліксіз. Өйткені, біздің шенеуніктер ұрлықы активтерін, жылжымайтын мүліктерін көбіне кәрі әке-шешесінің атына, әжесі мен атасының, қайын атасы мен қайын апасының, бала-шағасының, жиендерінің атына жазып қойғанды ұнатады.
Әрине, бәрін қамту мүмкін емес. Тым құрыса, ата-анасы мен балаларын және әйелінің туыстарын да қосу ләзім.