«Әділет» партиясын елдегі ең ірі қоғамдық және салалық бірлестіктер қолдады
Қазақстандағы бірқатар ірі қоғамдық бірлестіктер, салалық қауымдастықтар мен кәсіби ұйымдар «Әділет» саяси партиясымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін жеткізді.
Астана, NEGE. Партияны қолдаушылар қатарында жұмысшылар мен жұмыс берушілердің, үкіметтік емес сектордың, волонтерлік қозғалыстың, кәсіби қауымдастықтардың, бизнес, ғылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, экология, IT және креативті индустрия салаларының мүдделерін қорғайтын ұйымдар бар.
«Әділет» партиясын қолдайтынын мәлімдеген ұйымдардың қатарында «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы, Қазақстан тау-кен палатасы, Қазақстан автомобиль одағы, Медициналық және фармацевтикалық бизнес ұлттық қауымдастығы, «Qazaq Green» жаңартылатын энергия көздері қауымдастығы, Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы, Women in Tech Kazakhstan, Қазақстанның креативті индустриялар альянсы, Қазақстан кинематографистер лигасы, Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы, ҚР әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы, SOCIAL INNOVATION HUB, «Жаңа адамдар» қоғамдық бірлестігі, «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігі және басқа да ұйымдар бар.
«"Әділет" партиясы алдағы уақытта да азаматтық қоғам институттарымен, кәсіби қауымдастықтармен, сарапшылармен және елдің барлық өңірлеріндегі бастамашыл азаматтармен өзара іс-қимылын нығайта береді», – деп сендірді партия өкілдері.
Еске салсақ, 2026 жылғы 1 маусымда Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді. Жаңа саяси күшке күні кеше ғана ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы лауазымында болған Айбек Дәдебай жетекшілік етеді.