"Әбіш әлемі" басталды
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Әбіш әлемі» оқу конгресі өтіп жатыр.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Оқу конгресін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдың мерейтойына орай өткізіп отыр. Шараның мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын насихаттап, қазақ әдебиетінің құндылықтарын халықаралық ғылыми жүйеге сіңіру.
Жазушының 80 жылдығына орай Тәуелсіздік сарайында «Әбіш әлемі» фотогалереясы қойылған. Галереядағы фотосуреттерден жазушының өмірі жайлы суреттерді тамашалауға болады. Абыздың ең жарқын сәттері бейнеленген 50-ден астам суреті тұр. Сондай-ақ, мемлекет қайраткерінің толағай тұлғасын айқындайтын әдебиеттері мен шығармашылықтың шыңына жеткен рухани мол қазынасы оқырмандардың назарына ұсынылып отыр. Көрмеде жазушы кітаптарының цифрлық көшірмелерінің QR кодтары мен жеке мұрағаттағы фотосуреттері ұсынылған.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан мен шет елдерден наградалар» тақырыбында жазушының шығармашылығы мен қызметінің тарихи сәттерін куәландыратын Әбіш Кекілбаевтың марапаттарын көрсету үшін орналастырып отыр. Көрме жазушының жеткен жеңістері мен жетістіктері жайлы мәлімет ұсынады. Көрмеге жазушының жетістіктерін баяндайтын 100-ден аса марапат, диплом мен алғыс хаттар қойылған.