Абай облысындағы дала өртін сөндіруге тікұшақ тартылды
Абай облысының Көкпекті және Ақсуат аудандарында дала өртін сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Астана, NEGE. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, өртті сөндіруге «Ауыл құтқарушылары», жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ-нің 68303 әскери бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Бұдан бөлек «Қазавиақұтқарудың» тікұшағы тартылды. Қазіргі уақытқа дейін тікұшақ 16 рет әуеге көтеріліп, жалпы көлемі 48 тонна болатын су септі.
Жағдайды Төтенше жағдайлар министрлігі өз бақылауына алды.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысының төрт ауданында – Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралыда дала өрті сөндіріліп жатқанын жазған едік. Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында өрт 16 тамызда тіркелген. Өрт салдарынан Қарқаралы ауданында екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Ал Ақтоғай және Шет аудандарындағы жағдай тұрақты екені хабарланды.