Қарағанды облысындағы дала өртінен екі адам зардап шекті
Қарағанды облысының төрт ауданында дала өрті сөндіріліп жатыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық әкімдік хабарлады.
Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында өрт 16 тамызда тіркелген. 17 тамызда әуеден барлау жұмыстары кезінде жаңа өрт ошақтары анықталмаған. Әкімдік өкілдері аудан аумағындағы елді мекендерге қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
«Дала өрті Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелді. Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнына 620 маманнан тұратын жеке құрам және 134 техника жіберілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде», – деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Өрт салдарынан Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған.
«Қазіргі таңда екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр», – деп хабарлады әкімдіктегілер.
Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусиннің мәлімдеуінше, Жаңатоған ауылы маңындағы өртті сөндіруге 159 адам мен 52 техника жұмылдырылған. Ал Бесоба ауылы маңындағы қыстаулардың жанында болған үш өрт ошағы толық сөндірілген.
«Ақтоғай және Шет аудандарындағы жағдай тұрақты, ахуал толық бақылауда. Ондағы табиғи өрт ошақтары сөндірілді», – делінген ресми хабарламада.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ыстық ауа райы мен қатты желдің салдарынан дала өртінің туындау қаупі әлі де жоғары екенін айтып, жауапты мамандарға жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.