«800 млн теңге емес»: Перуашев Алматыдағы үй туралы қауесетке жауап берді
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Ақ Жол» партиясының төрағасы қызметінен кетуін Алматыдағы қымбат үймен байланыстырып жүрген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Үкімет кулуарында редакциямыз Перуашевтен Алматыда 800 млн теңгеге коттедж салды деген ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Сондай-ақ бұл мүлікке қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі қызығушылық танытты деген сөз барын айтты.
Депутат бұл сұраққа күліп жауап беріп, мұндай ақпаратты жоққа шығарды.
Оның айтуынша, Алматыда жұбайы бір мүлік сатып алған және қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ Перуашев оның құны 800 млн теңге емес екенін айтты.
«Жұбайым сол жақтан бірүй сатып алып, жөндеп жатыр. Бірақ нақты 800 млн теңге емес», – деді ол.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі бұл мүлікті тексере бастады ма деген сұраққа депутат нақты білмейтінін жеткізді.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз еркімен қызметінен кетіп, оның орнына Дания Еспаева сайланған еді.
Перуашев партияны 2011 жылғы шілдеден бері басқарып келді. 2012 жылғы қаңтардан Парламент мәжілісінің депутаты.