«Таңғы 7:00-де жұмысқа келсін»: Қырғыз депутаты Бішкектегі кептелісті азайтудың жолын ұсынды

Жогорку Кенеш депутаты Дастан Бекешев көлік кептелісін азайту үшін кей министрліктердің жұмыс күнін таңғы 7:00-де бастап, 16:00-де аяқтауды ұсынды. 

pixabay.com

Астана, NEGE. Қырғыз депутатының айтуынша, бұған дейін студенттердің сабақ бастау уақыты 10:00-ге ауыстырылған. Енді осыған ұқсас тәжірибені бірнеше министрлікте сынап көруге болады.

«Бірнеше министрлікте жұмыс күнін әдеттегідей 9:00-де емес, таңғы 7:00-де бастап, 16:00-де аяқтауды ұсынамын. Сонда адамдар үйіне ертерек қайтып, отбасына уақыт бөле алады. Мұны бірнеше министрлікте сынап көріп, Бішкектегі кептеліске қалай әсер ететінін бағалайық. Бәлкім, көлік кептелісі айтарлықтай азаяр», – деді Дастан Бекешев.

Айта кетейік, Қазақстанда да былтырдан бері жолдардағы кептелісті азайту үшін қалалық ұйымдар жаңа кесте бойынша жұмыс істейді.

Бүгінде Астанадағы қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні сағат 07:30-да, Астана әкімдігінің жұмыс күні – 7:30-да, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялардың жұмыс уақыты 07:30-дан 8:00-ге дейін басталады.

Ал кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан сағат 8:00-ден басталған.