26 февраля 2026 г. 9:08

«500 жыл кіргізбей қояр»: Сабуров басындағы жағдайға пікір білдірді

Фото: instagram.com/nurlan__saburov

Нұрлан Сабуров Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаннан кейін Таиландта концерт өткізіп, басынан өткен жағдайға пікір білдірді.

Астана, NEGE. Ресейлік журналист Ксения Собчактың «Кровавая барыня» Telegram-арнасы жариялаған ақпаратқа қарағанда, түсірілімге тыйым салынған.

Концертте Сабуров басындағы жағдайға әзілмен пікір білдіріп, Собчакқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтқан.

«Қорғағаны үшін Ксения Собчакқа рахмет, бірақ шынын айтсам, қажет емес, әйтпесе 500 жылға кіруге тыйым салар, сол кезде концерттерді Сатурнның бесінші сақинасында өткізуге тура келеді», – дейді комик.

Сондай-ақ Сабуров көрермендерді де «қылмыскерді көруге келген сияқтысыңдар» деп әзілмен қағытып өткен.

«Концертке көп адам келген, бірақ көбі «қылмыскерді» көруге келген деп ойлаймын. Меніңше, тіпті Владимир Зеленскийдің өзінде мұндай тыйым жоқ. 50 жыл. Мен не, Дракуламын ба?», – дейді Сабуров.

Ол енді стендаптарының патриоттық тақырыпта өтетінін айтып, соған қарап «адамдар тіпті Владимир Соловьев иноагент емес пе деп ойлап қалуы мүмкін» деп қалжыңдаған. 

«Сондай-ақ әуежайда ұсталған сәті туралы да аздап айтып өтті – оның сөзінше, әр екінші полицей онымен суретке түскен. Қысқасы, еңсесін түсірмей жүргені қуантады», – деп жазды Собчак Сабуров жайында.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік БАҚ-та Сабуровқа Ресей Федерациясының аумағына 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жайлы ақпарат тарады. Әзілкеш бұл жаңалықты Дубайдан Мәскеуге ұшып келген сәтінде Внуково әуежайында бір-ақ білген. Нәтижесінде ол Қазақстанға оралуға мәжбүр болды.

Украинада Сабуровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті комик Нұрлан Сабуровтың әрекеттерін тексеріп жатыр. Оған «Вагнер» легионының Истра бөлімшесіне 10 эндуро мотоциклін бергені және «Все для Победы» қорына 2 млн рубль аударғаны туралы ақпарат себеп болған.