«37 іс бойынша тергеп-тексеру басталды»: Қорғаныс министрлігін тексерудің аралық қорытындысы айтылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия ведомствоның 104 нысанын тексеріп, аралық қорытындыны жариялады.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE. Комиссия мәліметінше, тексеру кезінде министрлікте жекелеген құқықбұзушылық деректері анықталып, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

«Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәліметтер әзірге жария етілмейді», – делінген мәлімдемеде.

Комиссия тексеру барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруіне тиісті жағдай жасауға, оларды азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтау, сондай-ақ медициналық көмек көрсету сапасына ерекше назар аударған. Сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы мен мемлекеттік мүліктің сақталуы тексерілген.

Сондай-ақ комиссия жұмысы қарашада аяқталатыны хабарланды. Оның ұсынымдары әскери реформа жоспарын іске асыруда да пайдаланылмақ.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктегі жағдайды, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

Қазан айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін тыңдады. Комиссия мүшелері қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегенін және 13 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.