25 тамыздан бастап алимент арнайы шотқа ғана аударылады

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда атқарушылық іс жүргізу арқылы өндірілетін алимент арнайы банктік шотқа ғана аударылады. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Жаңа тәртіп кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражатты қорғау үшін енгізіледі. Өзгерістер 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңда көзделген.

Енді алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға міндетті. Өндірілген ақша тек осы шотқа аударылады.

Арнайы шоттағы алимент қаражатына тыйым салуға болмайды. Яғни алимент алушының басқа қарыздары болған жағдайда да бұл ақша өндіріп алу шараларына жатпайды және өзінің тікелей мақсатына пайдаланылуға тиіс.

Егер алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін бермесе, сот орындаушысы өндірілген қаражатты аудара алмайды. Мұндай жағдайда ол алимент алушыға шот ашу қажеттігі туралы хабарлауға міндетті. Деректемелер ұсынылғаннан кейін жиналған ақша алушыға аударылады.

Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайтынын атап өтті. Төленбеген сома берешек ретінде сақталады және есептен шығарылмайды.