«20 млн теңге ұсынды»: Павлодарда қаза болған кәсіпкердің анасы тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді

Павлодар облысында катер апатынан қаза тапқан 43 жастағы Икрам Нұрмашовтың анасы Светлана Хожаметова БАҚ-тан көмек сұрады. Ол ұлының өліміне қатысты тергеудің әділ жүргізілгеніне күмән келтіреді.

Жас алаш/видеодан кадр

Астана, NEGE. Светлана Хожаметованың «Жас Алаш» басылымына мәлімдеуінше, қайғылы оқиға кезінде катерді Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев басқарған. 

Марқұмның анасы бұған ұлының қалтасынан табылған телефонға түсіп қалған бейнежазба бұлтартпас дәлел болатынын алға тартады. Айтуынша, бейнежазбада Нұрмашовтың жолаушы орнында отырып, катерді басқарған адамға «Газды бас!» деп айқайлағаны естіледі. Тағы екі бейнежазбада катерді Мұсабаев жүргізіп бара жатқаны түсіп қалған. Сондай-ақ бейнежазбадан марқұмның анасы судьяның қолында сыра болғанын және катердің жоғары жылдамдықпен жүргенін байқаған.

Бұған қоса, Светлана Хожаметова үндеуінде 22 қазанда, ұлының қырқы қарсаңында Марат Мұсабаевтың өзіне 20 миллион теңге ұсынғанын айтады. Алайда ол бұл ұсынысты қабылдамай, ұлының өліміне қатысты бейнежазбаларды Бас прокуратураға тапсыратынын жеткізген. Бұдан кейін, әйелдің айтуынша, судья екінші ұлын сыртқа шақырып, садақа ретінде пакет берген. Пакет үйге кіргізілген соң үйіне полиция қызметкерлері келіп, марқұмның телефоны мен үйдегі бейнебақылау жүйесінің жазбаларын талап еткен.

Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаевтың адвокаты Рена Керимова Нұрмашовтың отбасының бұл айыптауларын жоққа шығарып, марқұмның туыстары тарапынан таратылып жатқан мәліметтерді негізсіз деп санайтынын жеткізді. Қорғаушының мәлімдемесін ҚазТАГ жариялады.

Рена Керимова қылмыс жасау, қылмыстық іс материалдарын бұрмалау, тергеуге қысым көрсету және қызметтік жағдайды пайдалану туралы айыптаулардың заңды күшіне енген сот актісімен расталмағанын атап өтті.

«Нұрмашев И.Ж.-ның өліміне байланысты тіркелген қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Осылайша, марқұмның туыстарының үндеуінде Мұсабаев М.К.-ға қатысты айтылған айыптаулар қылмыстық іс аясында өз дәлелін тапқан жоқ», – деді Керимова.

Оның айтуынша, Марат Мұсабаев өзіне қатысты бопсалау дерегі бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Айта кетейік, кәсіпкердің жұмбақ жағдайда қаза табуына байланысты NEGE редакциясы бұған дейін Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын. Павлодар облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеген еді.

Дегенмен ведомство жауабында қылмыстық істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны, Марат Мұсабаевтың процессуалдық мәртебесі және туыстарының өзге де уәждеріне қатысты мәліметтер нақтыланбаған.

Павлодарлық кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың қазасына қатысты дау мұнымен тоқтаған жоқ. Таяуда Нұрмашовтың 17 жастағы Ясмин есімді қызы Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстарымен арада жанжал шыққаннын мәлімдеді.