12 июня 2024 г. 20:22

«Алатауда» – «Ақсақ құлан» күйі

Фото: Алатау театры

«Ақсақ құлан» аңызына қарағанда, Жошының өлімі ақсақ құланнан болған екен. 

Алматы, NEGE. Қаралы хабарды да хан Шыңғысқа Кетбұға жырау естірткен. Осы аңыз бен күй сарынын бала кезден естіп өспеген адам жоқ шығар. Сол аңыз 12 маусымда «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында жаңаша баяндалды. Авторы – Ардақ Беркімбаев, қоюшы суретші – Қуат Түстікбаев, пластика режиссері – Әділет Таменов.

Аңызға негізделген феерия жанрындағы жаңаша қойылымның режиссері – Арухан Темірбекқызы. Премьера алдында өткен баспасөз мәслихатында жас режиссер бұл туындыны өзінің алғашқы жұмысы екенін жеткізді.

Режиссер халық аңызын тамаша пластика, сазды әуен, визуалды әсердің көмегімен көрерменге жеткізуді көздеген.   Мұнда әсіресе пласиткалық режиссер Әділет Таменовтың еңбегі зор. Хан баласының аңға шыққанын, құлан қуғанын, құлан баласын садақпен атып өлтіргенін, ана құланның баласының өліміне қан жұта қайғырғанын, хан ұлының мерт болуын үнсіз баяндап, сөзсіз әңгімелеп берген театр әртістері мен бишілерінің қабілеті таң қалдырды.

Алатау театры

Қойылымның шарықтау шегі – ханға ұлының өлімі жайлы хабарды естіртуі. «Балам өлі ме, тірі ме?», – деп нөкерлеріне кезек-кезек қараған ханның алдында жас Кетбұға тізерлеп отыра қалады да, қара домбыраны безілдете жөнеледі. «Ақсақ құлан» күйі. Хан ұлы өлімінің ревкиемі. Қайғылы күй күңірене естіледі. Домбыра бейнебір тірі жандай: «ұлың өлді, мерт болды» деп тұрғандай.

Күмбірлеген түрлі аспап үні, қойылымға әр берген жанды дыбыс. Мұнда «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің шеберлігін де атап өткен жөн. Спектакль 13 маусым күні тағы қойылады.