9 Қараша 18:01

Жұрттың бәріне қарыз. Туризмді дамытуы тиіс «Kazakh Tourism» НЕГЕ өзін дамыта алмай отыр?

Фото:

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы 2022 жылдың қортындысы бойынша өзінің қызметкерлеріне де, салық органдарына да қарыз болған. 2,4 миллиард теңге мемлекеттік тапсырыс алып, оның 1,7 миллиард теңгесін игеріп, 328 миллион теңге таза пайдаға шықты. Бірақ одан ішкі туризм керемет дамып кетті деп айтуға келмейді. 

Мысалы, Energyprom дерегінше, 2022 жылы еліміздің ішіндегі демалыс орындарына, санаторийлерге, туристік базаларға барған отандастарымыздың саны 578 мыңға әрең жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе аз.

Керісінше, Қазақстаннан шетелге кетіп, сыртта демалатындар саны екі есеге өскен. 2022 жылы 7,7 миллион қазақстандық демалысын шетелде өткізіпті. Сонда, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы 2022 жылы 2,4 миллиард теңгені қайда жіберді деген сұрақ туындайды.

Қазақстандықтар шетелде ешқандай ұлттық компания көмегінсіз ақ демалып жүрген және демалып жүре береді. Ал Kazakh Tourism 1,7 миллиард теңгенің ішінен шамамен 1 миллиард теңгені түрлі фирмалардың қызметі үшін аударып жіберген. Ол қандай қызметтер екені қаржылық есептілікте ашып жазылмайды.

Тренинг, форум, жарнамаға 200 миллион теңгені жоқ қылған. Блогерлер мен командировкаға 150 миллион теңге шашып, айлық пен ГПХ келісім-шарттарына 300 миллион теңгеден астам қаржы жіберген.

Нәтижесінде мемлекеттік аудит өтіп, аудиторлар ұлттық компанияның 76 миллион теңгені негізсіз жұмсағанын анықтады.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қызметінен мемлекетке пайда бар ма деген сұраққа қазіргі таңда ешкім жауап таба алмауда. Пайда тек оның басшыларына келіп жатыр. 4 адамнан тұратын басшылық құрам жалақы, бонустарды қоса есептегенде 70,8 миллион теңгеден алған. Мысалы, 2021 жылы олардың алатыны 54,9 миллион теңге еді. Бір жылда олар айлық пен бонустарын 28 пайызға өсіріп алған.

Талғат АМАНБАЕВ бастаған осы төрт басшыға айына бір жарым миллион теңге түсіп тұрғандықтан, «Kazakh Tourism» ұлттық операторын мүлде пайдасыз деуге де келмейді. Тек әу баста, мемлекетіміз оны төрт адамға емес, халыққа пайдасын тигізсін деген есеппен құрғанын естен шығармау керек еді.

Тегтер: