29 Наурыз 17:42

Жамбыл облысында балаларды қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін автобустар тасымалдаған

Балалар автобусы
Фото: ғаламтордан

Тараз қаласының прокуратурасы қала мектептерінде балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізді.

Алматы, NEGE. «Нәтижесінде қала мектептеріндегі 19 автобустың 10-ы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің талаптарына сәйкес келмеген. Атап айтқанда, жүргізушілер рейс алдында медициналық тексеруден өтпеген, автобустарда медициналық қобдишалар, өрт сөндіргіштер, «Балаларды тасымалдау» белгілері болмаған. Автобустарда тасымалданатын балалардың жалпы саны отыруға арналған орындардың санынан асқан», - делінген хабарламада. 

Прокурорлық қадағалау актілерімен кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылды.

Қазіргі уақытта анықталған заңсыздықтар жойылды.