13 Ақпан 13:49

Саяси террорға қатысушы Мирошников жазасын толық өтейтін болды

Қылмыскер
Фото: ғаламтордан

2006 жылы 11 ақпанда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын серіктерімен бірге күштеп әкетіп, асқан жауыздықпен өлтірген қылмыскерлердің қатарында Виталий Мирошников те болған. Ол 2006 жылы сот үкімімен 20 жылға сотталып, жазасын Семей қаласындағы колонияда өтеп жатыр.

Бүгін Семей соты В.Мирошниковтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінімін қарады. Түрме әкімшілігі Мирошниковтың жазасын өтеу барысында 3 мәрте ескерту алғанын, бірақ ол ескертулер күшін жойғанын, сондай-ақ бірнеше мақтау алғанын айтты.

Жәбірленуші тараптың өкімі Маржан Аспандиярова мен А.Сәрсенбайұлының бауыры – жәбірленуші Рысбек Сәрсенбай Мирошниковтің шындықты толық айтқанына күмән келтірді.

– Біз Мирошниковтың түзелгеніне күмәнмен қараймыз. Өйткені ол тергеуде де, сотта да шындықты айтқан жоқ. Сөзін бірнеше рет өзгертті. Сондықтан да Мирошниковті шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қарсымыз. Жазсын толық өтесін. Бұл оның өзі үшін қауіпсіз болуы мүмкін, – деді Рысбек Сәрсенбай.

Прокурор да Мирошниковтің жазасын өтеу барысында ескертулер алғанын айтып, соттан оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұрады.

Мирошниковтың өзі жәбірленуші тараптың нақты сұрақтарына жауап беруден жалтарып, бұған дейін айтқандарына сілтей берді.

Мирон
Фото: ҚазТАГ

Кеңесу бөлмесіне кеткен сот сәлден соң қайта шығып, Мирошниковтың өтініші қанағаттандырылмағанын мәлімдеді.

Судья процестің аяқталғанын ескерткенде, В.Мирошников әлдекімге жұдырығын түйіп, сес көрсеткендей болды.

Естеріңізге салайық, 2006 жылы 13 ақпанда Алматы облысының Талғар ауданының аумағынан саясаткер А.Сәрсенбайұлы мен екі серігінің денесі табылған. А.Сәрсенбайұлының туыстары мен серіктері бұл қылмысты «саяси террор» деп бағалады.

Ал бүгін осы іс бойынша «киллер» деп танылып, өмір бойына түрмеде отыру жазасына кесілген Рустам Ибрагимов сұхбат беріп, «А.Сәрсенбайұыл мен оның серіктерін мен атқан жоқпын» деп мәлімдеді.

18 жыл бұрын жасалған саяси террорға қатысы бар екі қылмыскердің бірінің мәлімдеме жасауы, екіншісінің мерзімінен бұрын босатуға қатысты ісі дәл бүгін – 13 ақпанда қаралуы кездейсоқтық па?

Саясаткер мен оның серіктерінің қазасына қатысты істі қайта тергеу мәселесі әбден пісіп-жетілгендей...