4 Шілде 14:16

Машкевич тағы не бүлдіргелі жүр?

Фото:

Соңғы уақытта елдегі және шетелдегі қаржылық һәм саяси топтардың белсене бастағаны байқалды. Оған себеп – «мерзімінен бұрын өтуі мүмкін» сайлаулар.

«Президенттік сайлау 2023 жылы өтуі мүмкін» деген гу-гу айтылып жүргелі біраз болды. Қалтасы қалың, саясаттан дәмесі бар кейбіреулердің мерзімінен бұрын «қоза» бастағаны содан болса керек.

Қаңтар бүлігіне дейін түкірігі жерге түспей келген К.Мәсімовке тиесілі дейтін БАҚ-тар бүгінде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Солардың бірі – «Жетінші арна». Қазір телеарна «Еуразиялық үштіктің», анығында Александр Машкевичтің иелігіне өткенін медиа саладағы екінің бірі айтады.

Коллаж: Nege

Саяси өзгерістердің көлеңкесі де жоқ 2015 жылы «Жетінші арна» толықтай ойын-сауық форматына көшкен еді. Ал 2021 жылдан бастап эфирін саясатпен «тұздықтай» бастады. Көп ұзамай «Оян, Қазақстан!» деген атауы екұштылау таңғы бағдарлама ашты. Дәл осы атаумен жастар наразылық акциясын өткізгені белгілі.

Енді жуырдан бері «Жетінші арна» А.Машкевичтің бизнес империясының құрамына кіретін Salem Social Media түсірген күлдібадам сериалдарын көрсетіп, солардың видеоконтентін жарнамалап келеді.

Salem Social Media-ның жетекшісі Александр Аксютиц «Жетінші арнаға» Машкевичтің қатысы жоқтығын қанша дәлелдеуге тырысқанымен, онысы бекер екенін көзі қарақты жұрт көріп отыр.

Соңғы уақытта Машкевичтің командасы әлеуметтік желідегі белсенді пабликтерді жаппай сатып алып жатыр. Ол не үшін керек?

Жүздеген мың жазылушысы бар пабликтер қазір өте тиімді. Іргелі деген сайттар мен порталдардың өзі осы пабликтердің демеуіне мұқтаж. Өйткені олардың оқырманы көп. Бұдан бөлек, алдағы жылдан бастап пабликтерге де мемлекет тарапынан ақша бөліне бастайды.

Міне, саясат пен ақшаның иісін алты қырдың ар жағынан сезетін Машкевич сенімді адамдарына тапсырма беріп, орталық қалалар мен аймақтарды аралап, пабликтер іздетіп жатыр және одан ақшаны аямақ емес. Бәлкім, ERG бірнеше жылдан бері мемлекетке төлемеген дивидендті соған жұмсап жатқан болар, «бұлардың өз қотырын өзіне қасытайын» деген сасық саясатпен...

Фото: ғаламтордан

«Еуразиялық үштіктің» ішіндегі ең белсендісі Александр Машкевичтің Қаңтардағы бүлікке қатысы бар-жоғы әлі белгісіз. Мұны жіті тексеру қажет-ақ. Дегенмен Қаңтар бүлігіне дейін Машкевичтің Кәрім Мәсімовпен байланысы болған. Бұл туралы 12 мамырда «Қауіпті құдалық: Машкевич Мәсімовпен қалай құда болып шықты?» деген зерттеу жариялағанбыз.

«Гватемала президентіне ақшаны кілемге орап апарғандардың» қолынан көп нәрсе келеді және бұлар билігі жемқор елдердің ішкі саясатына ықпал етуге тырысады, тіпті ықпал етіп те жүр.

Жаңа Қазақстанның билігі президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы әзірге емеурін білдіре қойған жоқ. Әлде Машкевичтің мерзімінен бұрын «қозуында» бір гәп бар ма?..      

Тегтер: