30 Сәуір 12:51

ІІМ: Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми түрде ғана шешіледі

комиссия
Фото: ғаламтордан

ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев атап өткендей, интернет-алаяқтардың жаңа схемалары пайда болды.

Алматы, NEGE. «Өтемақы төлеуді күткен адамдарға алаяқтар белгілі бір мемлекеттік органның атынан қоңырау шалып, адамның су тасқынынан зардап шеккендердің тізімінде тұрғанын растау үшін SMS-тен код жазып жіберуін ұсынуы мүмкін. Шындығында, осы кодтың арқасында алаяқтар жәбірленушінің атына көп мөлшердегі несие рәсімдей алады. Дегенмен, білу маңызды: мемлекеттік органдар мен банктердің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия деректерді беруді талап етпейді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми түрде шешіледі: жеке сапармен немесе ресми веб-ресурстарды пайдалану арқылы», – деді спикер.

Дербес деректерді, деректемелерді, банк карталарының жарамдылық мерзімдерін, үш таңбалы кодтарын ешкімге айтпаңыздар. Сонымен қатар, sms пен келетін кодтарды ешкімге хабарлауға болмайды.

«Күмәнді сілтемелерге өтуге болмайды. Телефоныңызға қауіпті вирустер өтіп кетеді, бұл алаяқтарға телефон иесінің атынан банктік операциялар жасауға мүмкіндік береді. Полиция қырағы болуды, құпия деректеріңізді сақтауды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады», – деді ҚР ІІМ ресми өкілі.

Сондай-ақ ІІМ жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізеді. Күрделі су тасқыны жағдайына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап жалған ақпарат таратқаны үшін 2 қылмыстық және 13 әкімшілік іс қозғалды.