31 Наурыз 18:31

Крокустағы терактке қатысты Қырғызстан ҰҚК төрағасы пікір білдірді

теракт
Фото: rtvi.com

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейде болған лаңкестік әрекет туралы айтты. 

Алматы, NEGE. Арнайы қызмет басшысы Қырғызстан «Крокус Сити Холда» болған оқиғаға қатысты қайғырып отырғанын атап өтті. Бұл туралы ulysmedia.kz хабарлады. 

«Лаңкестердің ұлты жоқ және Ресейде ұлтаралық араздықты қоздыруға және мигранттарға қарсы қоюға мүдделі лаңкестік ұйымдардың мүшелерінің жетегіне еріп, болған оқиғаға тұтас бір халықты кінәлау орынсыз. Мен өз тарапымнан Тәжікстан Республикасы арнайы қызметінің тұтастығын баса айта аламын, олардың террористік және экстремистік ұйымдармен күресі әдеттегідей тынымсыз жалғасуда», - деп жазды ол.

К.Ташиевтің айтуынша, арандатушылардың ықпалына кез келген мемлекеттің азаматтары түсуі мүмкін.

«Алайда лаңкестік әрекетке тапсырыс бергендердің бір ұлт өкілдерін таңдауы кездейсоқ емес. Бауырлас елдердің арнайы қызметтерінің бірлескен күш-жігері «жалған исламистер» деп аталатындардың қылмыстық мақсаттарының жүзеге асуына жол бермейді деп сенемін», - деп түйіндеді ол.

22 наурыз күні кешке Мәскеудегі Крокус-Ситиде теракт болды. Белгісіз біреулер концерт залына кіре берістегі күзетшілерге оқ жаудырған. Содан кейін олар фойедегі көрермендерді атты. Қаза тапқандар саны жүзден асып кетті. Бұл лаңкестік оқиға ТМД елдеріндегі соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі болды.