4 Қазан 16:45

Көшірді ме, көшірмеді ме? Қайрат Айтуғанов есімді ректордың ісі НЕГЕ бізді де тығырыққа тіреді?

Фото:

Елімізде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бар. Екі жылдан бері оның басқарма төрағасы, бір сөзбен айтқанда, ректоры креслосында экономика ғылымдарының докторы Қайрат Айтуғанов жемісті қызмет етіп келеді.

Қайрат Қапарұлы – ғылыми қызметкер. 2010 жылы ол «Проблемы развития интеграции в аграрной сфере Казахстана» атты диссертациясын сәтті қорғады. Араға 12 жыл салып, дәл осы диссертацияға қатысты қызық деректер пайда боларын кезінде ол да, біз де білмедік.

Қайрат Айтуғанов, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетнің басқарма төрағасы. Фото: egemen.kz

2022 жылдың басында, «Қаңтар оқиғасының» қанды тамшылары кебе бастаған сәтте, редакциямызға Қайрат Айтуғановтың диссертациялық еңбегінде, дәлірек айтсақ, «авторефератында плагиат бар» деген дерек келіп түсті. Оның нақты авторлары болмағандықтан, әрі ол кезде елдің күн тәртібінде университет ректоры деңгейінен анағұрлым жоғары мәселелер қызып тұрғандықтан, біз бұл хатқа аса мән бермедік. Тек жазда ғана, осы ақпаратты тексере салу мақсатында «Антиплагиат» сервисіне жүгініп көрген болатынбыз.

Үстіндегі фотодан қарасаңыз, «Антиплагиат» сервисінің Қайрат Айтуғановтың «Проблемы развития интеграции в аграрной сфере Казахстана» атты диссертациясына қатысты «мәтіннің 63,98 пайыз басқа еңбектерден алынған» деген статистика беретінін байқайсыз. 28,17 пайызы түпнұсқа деп тұр. Яғни, сервис мәліметінше, диссертацияның тек 28,17 пайызын Қайрат Айтуғановтың өзі жазған.

«Антиплагиат» сервисі Қайрат Айтуғанов жазған авторефераттың бас жағындағы бөлімдердің тұтастай «Основные направления повышения эффективности интеграции хозяйствующих субъектов в агропромышленном комплексе региона» атты Ресей Федерациясындағы Майкоп қаласында қорғалған диссертация авторефератынан алынғанын көрсетіп тұр. Бұл диссертацияның авторы – Зарема Нальбиевна Куек. Диссертация 2007 жылы қорғалған.

Сонымен қатар, электронды система Айтуғанов диссертациясында экономика ғылымдарының кандидаты Надежда Лебедеваның Ресейдің Орел қаласында 2006 жылы қорғаған «Управление инвестиционной деятельностью на основе развития институциональных реформ частно-государственного партнерства» диссертациясы авторефератының мәтіндері кездесетінін көрсетеді.

Бірақ, мұндай сервистер қателесуі мүмкін. Олардың ақпараты ресми емес. Осы мәселені ресми нақтылау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал жолдағанбыз. Себебі, Қайрат Айтуғанов басқаратын Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынады. Министрлік бізге бірден жауап бере алмады. Олар бұл мәселенің күрделі екенін айтып, толық жауапқа біршама уақыт сұрады.

Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми дәреже алуға қатысты мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретінде екенін хабарлап, хат жолдады. Сол жауапта Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім және ғылым  саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Айтуғановтың докторлық диссертациясына жасалған сараптамасын қоса жолдаған. Хатта сараптама қортындысы бойынша ешқандай плагиат анықтамалғаны айтылады.

Сараптамада Айтуғановтың осы диссертациялық жұмысы Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төралқасы 2010 жылы 31 наурызда экономика ғылымдарының докторы дәрежесінде бекітілгені хабарланады.

Комитет диссертация мәтінінің түпнұсқалығын міндетті түрде тексеру 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастағанын келтіреді. Ал қазіргі заң бойынша бұрын қорғалған диссертацияларды тексеру қарастырылмаған. Комитет, осыны негізге ала отырып, комиссия құрудың заңдық негізі жоқ деп жауап берген.

Бір сөзбен айтқанда, тіпті Айтуғанов плагиат жасаған күннің өзінде де, ешкім оны жауапқа тарта алмайды. Себебі, ол кезде ондай ережелер болмаған.

Осы мәселені ең алдымен Қайрат Қапарұлының өзінен сұраған дұрыс. Сондықтан министрлікпен бірге оған жеке өзіне де сауал жолдаған болатынбыз. Қайрат Айтуғанов біздің сауалымызға егжей-тегжейлі жауап берді.

Сауал мен ондағы жауаптарды төменде толық келтіреміз:

– Диссертация жазу кезінде басқа авторлардың еңбектері қолданылды ма?

Әрине, диссертация 158 пайдаланылған дереккөздерден тұрады, оның ішінде авторлардың ғылыми еңбектері, аналитикалық материалдар, статистикалық мәліметтер және т. б.

– «Антиплагиат» қызметіне сәйкес, реферат бұрын жазылған басқа авторлардың еңбектерімен 63,93% ұқсастықты қамтиды. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– «Антиплагиат» жүйесінің деректеріне сәйкес қарыз алу үлесі 60,14% – ды, өз – өзіне дәйексөз ету – 0%, дәйексөз алу-7,46%, бірегейлігі-32,4% құрайды. Бұл ретте қарыз алудың жоғары үлесі жүйеде тексерілетін құжаттың әлдеқайда кейінірек жарияланған индекстелген мәтіндік көздерімен мәтіндік қиылыстарының нәтижелерін қамтиды. Мысалы, жүйе http://elibrary.ru дереккөздегі 2011 жылы Воронеж мемлекеттік аграрлық университетінің № 3 (30) 3 хабаршысында жарияланған "Тәуекел жағдайында Қазақстанның АӨК-дегі жеке-мемлекеттік әріптестік" жұмысына екі рет сілтеме жасайды, 2,75% және 2,99% қарыз алу үлесін көрсе отырып, оларды жалпы нәтижеде жинақтайды. Аталған жұмыста Қ.Қ. Айтуғановтың («АӨК-дегі мемлекеттік инновациялық-Инвестициялық саясат»/ Қ. Қ. Айтуғанов//Экономиканы ырықтандыру жағдайында қаржы нарығын жетілдіру: республикалық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары -Ташкент, 2009. – 235-238 б.) жұмысына тікелей сілтеме бар екенін атап өткен маңызды. Әрі қарай, жүйе http://adygnet.ru көзден авторлық және жарияланымдарының нақты күнін анықтауы қиындық тудыратын WinWord және WinWord мәтіндік файлдарына (2/2) қарыз алуды анықтайды, бұл ретте де 13,94% және 0,03% қарыз алудың жоғары үлесін жалпы нәтижеде жинақтайды. Қарыз алуды тексеру есебінде қарыз алу үлесі жалпы нәтижеде жинақталып тұратын нормативтік құқықтық актілерге және ресми құжаттарға сілтемелер бар.

Бұл жерде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығының 5-тармағына, 2-тарауына сәйкес "Нормативтік құқықтық актілер мен ресми құжаттар атауларының, мемлекеттік және өзге ресми органдар мен ұйымдар атауларының, тиісті ғылым саласында жалпы қабылданған терминдердің, анықтамалар мен ұғымдардың, нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің, зерттелетін шығармалар мәтіндерінің сәйкес келуі егер оларды пайдаланудың көлемі және сипаты орындалған диссертацияның дербестігіне күмән тудырмаған кезде плагиат болып саналмайды" екенін атап өткен жөн.

Жоғарыда аталған, нақты дұрыс көрсетілмеген сілтемелерді қоспағанда, қарыз алу пайызын 40% - дан төмен деңгейге, ал егжей-тегжейлі талдау кезінде әлдеқайда төмен деңгейге түсіруге болады.

– Диссертация жазу барысында плагиат жасадым деп есептейсіз бе?

– Жоқ, диссертация жазу кезінде мен әдейі немесе қасақана плагиат жасамадым. Антиплагиат жүйесі қарыз алу ретінде көрсетіп тұрған сәйкестіктер зерттеулерді орындау және диссертация мен диссертацияның авторефератын жазу кезінде жалпы терминологияны қолдану, белгілі және ғылыми қауымдастық қабылдаған принциптерді, тәсілдер мен әдістерді қолдану нәтижесінде болуы мүмкін. Керісінше, диссертацияларда зерттелген әртүрлі авторлардың тақырыптары мен проблемаларының ортақтығы олардың өзектілігін, бұрынғы КСРО-ға кіретін және дамудың бірдей деңгейінде тұрған елдердің экономика жүйесін модернизациялаудың жаңа тәсілдерін іздеуде бірдей мақсаттар мен міндеттердің болуын көрсетеді.

– Зарема Нальбиевна Куек, Екатерина Александровна Калинина және Надежда Александровна Лебедеваның еңбектері сізге таныс па?

– Жоқ, мен зерттеу жүргізіп, диссертация жазу барысында бұл авторлардың жұмыстары маған белгісіз болды, 2009 жылы Қазақстанда ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі дамымаған еді. Ресей кітапханаларының электронды мәліметтер базасының көпшілігі 2010 жылдан бастап белсенді дами бастады. Антиплагиат жүйенің өзі 2010 жылдан бастап қана толық қолжетімді болды.

Қайрат Айтуғанов бізге жазбаша берген өз жауабында диссертация жазу барысында Зарема Куектің еңбегі оған белгісіз болған еді деген ақпарат береді.

Біз Қайрат Қапарұлының авторефераты мен Зарема Куектің авторефератындағы кіріспені салыстырдық. Зарема Куек диссертациясын 2007 жылы, ал Қайрат Айтуғанов 2010 жылы қорғағанын еске саламыз.

Міне, Қайрат Айтуғановтың кіріспесі:

Ал мынау Зарема Куектің кіріспесі:

 

«Зарема Куектің еңбегімен таныс емеспін» деп бізге жауап берген ректордың кіріспесі тура Куектің сөздерін қайталайды. Тек Ресей деген сөз Қазақстанға ауысқан, фирма мен компанияларды аграрлы мекемелерге алмастырған және кей жерлерінде орфографиялық қателер кетіп қалған.

Біз тек нақты көргенімізді ғана дәлелмен келтіріп отырмыз. Жанымыздан қосқан жалған факті жоқ. Қорытындыны министр Е.Қарашөкеев пен патша көңілді оқырман өзі жасасын.

Тегтер: