30 Сәуір 19:21

«Қазақтелеком» 23 млрд теңгеден астам қаражатты дивиденд төлеуге бөлмек

Эмитент күні
Фото: Nege.kz

Еліміздің ірі телеком-операторы 2023 жылы өз акцияларына ие болушыларға дивиденд төлеуге шоғырландырылған таза кірістің 25 пайызын немесе 23 миллиард теңгеден астам қаражат бөлуді жоспарлап отыр.

Бұл ұсынысты «Қазақтелеком» Директорлар кеңесі 30 сәуірге жоспарланған акционерлердің жылдық жалпы жиналысының қарауына жолдады. Бұл туралы оператордың Бас қаржы директоры Людмила Атамұратова Қазақстандық қор биржасының алаңында өткізілетін дәстүрлі «Эмитент күні» барысында  мәлімдеді.

Атамұратова ханым атап өткендей, соңғы 2 жылда «Қазақтелеком» еншілес мобильді операторлар – «Кселл» АҚ (Kcell/Activ брендтері) және «МТ-С» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) компанияларынан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан мемлекеті мен халқы үшін ірі және маңызы зор 5G байланыс стандартын ашу жобасын іске асырып жатқандықтан дивиденд алмайды. Бұдан басқа, «Қазақтелеком» «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясындағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін желіні дамытып, жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Компанияның бас қаржы директорының айтуынша, бекітілген дивидендтік саясатта дивидендтердің ең төменгі мөлшері – таза пайданың 15% деп көзделген, алайда 2023 жылғы коэффициент ең төменгі деңгейден 65% немесе 24,79% жоғары болды. Осылайша, 23,1 млрд теңгені  жай акция бірлігіне есептегенде 2 096 теңге 60 тиынды құрайды.

Дивиденд
Nege.kz

«Артықшылықты акционерлер қарапайым қағаз иелері сияқты тек өткен жылдың желтоқсан айында бұрын алынған кепілдендірілген дивидендті шегеріп тастағанда 1 акцияға 300 теңге дивиденд алады. Егер акционерлер оң шешім қабылдаса, алдағы мамыр айында дивиденд төлеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2018 жылдан бері «Қазақтелеком» 126 млрд теңгеден астам дивиденд төледі. Сол кезеңде «Кселл» АҚ-ның 75% акциясын және «МТ-С» ЖШС 49% үлесін сатып алу секілді ірі мәмілелер жүргізілсе де, осындай төлем жүзеге асырылған болатын», деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры Людмила Атамұратова.

Ал 2023 жылдың қорытындыларына келетін болсақ, шоғырландырылған есептілік деректері бойынша «Қазақтелеком» компаниялар тобының кірісі былтыр 53,3 млрд теңгеге ұлғайып, 687,8 млрд теңгені құраған (2022 жылдың қорытындысы бойынша 634,5 млрд теңге). Бұл өсім тіркелген байланыс сегментінде де, ұялы байланыс сегментінде де кірістің өсуіне байланысты қамтамасыз етілді. EBITDA көрсеткіші 4,3% өсіп, оның кірістілігі 43,3% құрады. 2023 жылғы таза пайда 104,4 млрд теңгеге жетті. Людмила Атамұратованың айтуынша, мұндай қаржылық көрсеткіштерге бесінші буын байланыс стандартын қолдану, клиенттерді ескірген ADSL технологиясынан GPON-ға жаппай көшіру және тағы басқа осы сынды ірі жобаларды іске асыруға бағытталған күрделі шығындардың айтарлықтай өсуі аясында қол жеткізілді.

Дивиденд
Nege.kz

«Шынымен де, 2023 жылы компаниялар тобының күрделі шығындары айтарлықтай өсіп, 375 млрд теңге немесе кірістің 55% құраған еді (2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп). Бұл бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке компания мен телеком нарығы үшін аса маңызды – 5G жобасы ғана емес, сонымен қатар, тұтастай алғанда, цифрлық Қазақстанның даму драйвері де елеулі үлес қосты. Сондай-ақ, 2023 жылдың басында компаниялар тобы жинақтаған қаржы ресурстары инвестициялардың көп бөлігін өз қаражат қорынан жүзеге асырып, қарыздық қаржыландыру қажеттілігін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Бұл әсіресе қарыз алудың жоғары құны жағдайында өте маңызды. Сонымен қатар, біз компаниялар тобы бойынша персоналға және еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын шығындарды 2023 жылы 125 млрд теңгеден 146 млрд теңгеге дейін 16,8% арттырдық», деп Людмила Атамұратова Эмитент күніне қатысушының сұрағына жауап берді.

Сондай-ақ, конференцияда компаниялар тобының мобильді операторларының бірі «MT-C» компаниясын Катардың Power International Holding холдингіне сату мәселесі қозғалды. Бұл туралы осы жылдың ақпан айында үшжақты келісімге қол қойылған болатын. Эмитент күнінде журналистер мәміленің егжей-тегжейіне, атап айтқанда, сатып алушыға қойылатын талаптарға қызығушылық танытты. Өйткені «МТ-С» елдегі бесінші буын желісін салу жөніндегі консорциумның екі қатысушысының бірі саналады.

Дивиденд
Nege.kz

«Ұялы байланыс операторы үшін 5G жиіліктерінің стратегиялық маңыздылығын, сондай-ақ жобаға кететін қаражат пен оны сақтау үшін лицензиялық міндеттемелерді орындау қажеттілігін ескере отырып, инвестор 5G желісін орнату жобасын одан әрі іске асыруға мүдделі болады деп болжаймыз. Бұдан басқа, заңнаманың талаптарына сәйкес әлеуетті мәмілені аяқтау үшін монополияға қарсы орган – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің келісімін алу талап етіледі», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» телекоммуникацияның ішкі нарығының барлық сегменттерінде: тіркелген телефония, Интернетке кең жолақты қолжетімділік, ұялы байланыс, ақылы телевизия және IT-өнімдер саласында қызметтер мен сервистердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстанның телекоммуникация нарығының сөзсіз көшбасшысына айналды. Компанияның бәсекелестік артықшылығы – кеңейтілген бекітілген талшықты-оптикалық желіні (бүкіл ел бойынша 88 мың шақырымнан астам), сондай-ақ кең мобильді желіні қамтитын дамыған және қуатты инфрақұрылым. Бұл инфрақұрылым компаниялар тобына кең жолақты сектордағы 1,9 миллион абонентке, ұялы байланыс сегментіндегі 14,5 миллионнан астам абонентке сапалы қызмет көрсетуге және ақылы телевизияға 1 миллионнан астам қосылу нүктелеріне қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.