22 Тамыз 18:00

Қазақстанды желдетіп кетті. Машкевич НЕГЕ уақыт созу үшін түрлі жобалар ойлап таба бастады?

Фото:

Олигарх Александр Машеквич пен оның серіктестері Хромтауда жел электр станциясын салмақ. Бірақ, сарапшылар оны көзбояушылық деп бағалап отыр. Бұл тіпті ғасыр аферасы болуы да мүмкін. Себебі – Машкевич барынша уақыт созғысы келеді.

ERG корпорациясының ірі акционері, олигарх Александр Машкевич ең «модный» трендтерге жабысуға мәжбүр. ESG, «жасыл экономика», осылай кете береді. Бастысы уақыт соза тұру. Түрлі актуалды жобаларды таныстырып, халықты да, мемлекетті де алдай тұру керек.

Олигарх Александр Машкевич Хромтауда. Фото: ERG баспасөз қызметі

Ол осы демалыс күндері Хромтауда жел электр станциясының жобасын таныстырды. оның айтуынша, станцияның қуаты 155 мегаваттқа дейін жетеді және жоспар бойынша 2024 жылы іске қосылуы тиіс. Бірақ бұған күмәніміз бар.

Осы арқылы, «Қазхром» акционерлік қоғамына қарайтын Донской кен-байыту комбинатына қажет электр энергиясы толық желден алынбақ. Қазір Донской шамамен 45 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Алдағы уақытта жаңа жобалар мен өндіріс көлемі өссе, оның тұтынуы 80 мегаватқа дейін артады. Сонда осы қажеттілікті 155 мегаваттық жел станциясы жабуы тиіс.

«Талпынысы жақсы, бірақ жел электр станциясының бекітілген қуаттылықты пайдалану коэффиценті өте төмен», - дейді энергетика сарапшысы Жақып Хайрушев. Ол коэффицент шамамен 20-25 пайыз.

«Сондықтан Донской кен-байыту комбинаты 80 мегаватт тұтынатын болса, осы санды кем дегенде беске көбейту керек. Демек, ол үшін 400 мегаваттық жел электр станциясын қою қажет»

ERG саламыз деп отырған 155 мегаваттық станция болашақта тіпті Донскойдың қажеттілігін қанағаттандыра алмайтын болып отыр. Сонда оны олигарх не үшін жарнамалауда?

ERG Сбербанк пен ВТБ-дан алған кредиттерін қайтармай отыр. Александр Машкевич АҚШ санкцияларын жақсы сылтау қылып алған. Оның айтуынша, АҚШ және Еуроодақ қаржы реттеушілері ресейлік банк қарыздарды қалай өтеуі керек деген сұраққа жауап бермейінше, ERG ресейлік банктерге ештеңе төлемейді. ERG қазір Қытай, АҚШ, Бразилия және Қазақстан банктерінен қарыз алуда.

ERG қарызға қалай кірді?

2021 жылы алдын-ала жасалған кредиттік келісім бойынша «Қазхром» акционерлік қоғамы ВТБ Банкінен 250 миллион доллар алған. Оған дейін тағы 100 миллион доллар қарызға кірген.

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Бір қызығы, сол ақшаны алғаннан кейін, «Қазхром» өзінің акционеріне, яғни Люксембургтағы «ERG» корпорациясына 98 миллион доллар кредит берген. Ал оның алдында 2025 жылға дейінгі мерзімге 227 миллион доллар аударған.

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасынан кейін «Қазхром» АҚ өзінің барлық кредиттеріне ВТБ-дан 2 жылға шегерім сұратып алған. Демек, қазір «Қазхром» кредит те, ештеңе де төлемей, ақшаның барлығын Люксембургтегі Машкевичтерге аударып жатыр.

Былтырғы таза пайдасы – 439 миллиард теңге де сол акционерлерге кетті. Ал екі жылдан кейін, ақшаның барлығын сорып алған олигархтар Қазақстандағы қарызға белшеден батырып тастаған кәсіпорындарын мемлекетке өткізе салып, «гудбай» деуі әбден мүмкін.   

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Енді ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорны «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне» келсек. Одан ERG кредит ретінде 423 миллиард теңгеге жуық қаржы алған.  

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігін» АҚ арнайы мақсаттағы қаржылық ақпараты

Бұған дейін біз ERG-дің неге Қазақстандағы компанияларын қарыздандырып, сол қаржыны өзіне тартып отырғанын жазған болатынбыз. Оның бір себебі, Қазақстандағы кен орындарын кепілге қоюға болады. Және оларды Машкевичтер кепілге қойып та тастады. Енді түрлі сылтаулармен кредитті қайтармай отыр. Және түрлі жобалар ойлап тауып, уақыт созуға көшті.

Оның ақыры Қазақстан үшін үлкен халықаралық проблемаға айналуы мүмкін. Болашақта кепілде тұрған кен орындары кредиторларға өтіп, ERG қарызы бюджет пен Ұлттық Қордың сорына айналатын уақыт келуі мүмкін екенін ұмытпау керек. 

Тегтер: