4 Маусым 15:15

Қаңтар бүлігі: «Азаттықтың» құрбандар тізімінде НЕГЕ тірі адамдар жүр?

Фото:

Екі күн бұрын «Азаттық радиосы» «Қанды қаңтар құрбандары» жобасының таныстырылымын өткізіп, қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімін жасап, жиын өткізген еді.

«Билік 238 адамның тізімі бар екенін айтты, бірақ олардың аты-жөнін жарияламады, ал «Азаттық радиосының» анықтағаны – 188 адам», – деген журналист Манас Қайыртайұлы.

Алайда, тізімдегі кейбір адамдар тірі болып шықты. Олар – Мүсірепов Жандос Нұрболатұлы, Биахметұлы Тлеужан, Әбішев Мәулен, Абзалов Аян Арманұлы, Асхатұлы Абзал, Әбдемілов Азамат Киікбайұлы, Айдарбеков Бауыржан Данегұлұлы.

Фото: Власть

Nege.kz тілшісі осы тізімдегі азаматтардың кейбірін тауып, хабарласқан еді. Мәселен, Жамбыл облысы, Шу қаласының тұрғыны Азамат Әбдемілов қара тізімде барынан да бейхабар.

«Мен өлілердің тізімінде жүрмін бе?! Бұл қалай сонда? Шатасып тұрған шығарсыз. Мен ештеңе түсінбей тұрмын. Қаңтар оқиғасына қатысқан жоқпын», – деп жауап берді ол.

Ал Атырау қаласының тұрғыны Аян Абзалов: «Екі күннен бері туған-туыс, тамыр-таныстар хабарласып, менің өлілердің тізімінде жүргенімді айтқанда төбемнен жай түскендей күйде болдым», – дейді.

Аян Абзалов:

Арыз жазып, сотқа берейін деп жатырмын 

– Аян Абзаловпен сөйлесіп тұрмын ба?

– Иә, иә.

– Қаңтар оқиғасына қатыстыңыз ба?

– Қатыстым. Атырау қаласында 5, 6 қаңтар күні наразылық шеруге шықтым. Содан кейін бес тәулікке қамауда болдым. Әлі күнге тексеру біткен жоқ.

 «Азаттық радиосы» дайындаған Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімінде жүр екенсіз. Мұны білесіз бе?

– Үш ай бұрын прокуратура телефон соғып: «Аян, сені «өліп қалған» деп «Азаттық радиосынан» шығарып жатыр», – деді. Сосын «Азаттықтың» сайтынан іздеп, сол ақпаратты таба алмадым. Сосын прокуратураға тірі екенімді дәлелдейтін қолхат жазып бердім. Енді екі күн бұрын мына ақпарат шығады. Тағы бұл тізімде екінші болып тұр екенмін. Кешелі бері жан-жақтан қаншама адам хабарласып жатыр, қандай айқай-шу болып жатқанын түсінсеңіздер ғой! Журналистер неге бәрін анықтап алып, содан кейін жазбайды?

– Тізімді жасаған «Азаттық радиосынан» сізге хабарласты ма?

– Бұл туралы кеше Инстаграм желісіне де жаздым. Сол тізімді дайындағандардың хабарласатын түрі жоқ. Онсыз да қырғын айқай-шу болып кетті. Дым ренжімесін, қазір осы мәселеге қатысты арыз жазып, сотқа берейін деп жатырмын.   

«Азаттық радиосының» Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжолдың да пікірін білдік.

«Тізімдегі 8-9 адам тірі болып шықса, бұл – үлкен сан»

 Қасым, сіздер қаралы қаңтарда қаза болғандардың тізімін жасадыңыздар ғой. Соның ішінде тірі адамдардың аты-жөні жүр екен. Біреу емес, бірнеше адам. Олардың кейбіріне хабарласып көрдік, наразылық танытып жатыр.

– Негізі барлығы анықталған ғой. Тізімдегі Жандос деген азаматтың бауыры қайтыс болған екен. Аты ауысып кетіпті. Оны түзегенбіз. Ал қалған адамдар бойынша нақтылау керек. Сол тізімді маған жіберіңізші.

– Кейбірі сіздерді сотқа беретінін айтты.

– Егер сол 8-9 адамның телефондары болса, беріңізші. Біз тағы да нақтылайық. Көпшілігін анықтаған едік. Бірді-екілі кетуі мүмкін. Ал тізімдегі 8-9 тірі адам тірі болып шықса, бұл – өте үлкен сан. Бұған бір жағынан сенбей де тұрмын.  

P.S. Қаңтар бүлігінен бері де аттай алты ай өтті. Бүлік кезінде қаза тапқандардың толық тізімі әлі күнге дейін ресми түрде жарияланған жоқ. Бас прокуратура мұны «істің аса күрделі екенімен, әлі де тексеріліп жатқанымен» түсіндіруде.

Тегтер: