3 Мамыр 10:10

МИЛЛИАРДТАРДЫ қайтарыңыз, ШАДИЕВ мырза! Олигархтар НЕГЕ «Жаңа Қазақстанды» баяғыдай алдағысы келеді?

Фото:

Банкротқа ұшыраған «Capital Bank» қожайыны Орифжан Шадиев мемлекеттен алған қарызын толығымен қайтармай отыр. Ол әлі 13,9 миллиард теңге қарыз. Қарызды қайтармау үшін түрлі амалдарға бара бастаған. Бірақ ол Шадиевке көмектесе ме?

Ұлттық Банк «Технометаллинвест» фирмасының «Еуразиялық банктен» алған 2,7 миллиард теңге несиесіне Орифжан ШАДИЕВТІҢ гарант болуына қарсы шықты. Себебі, Шадиев осы кредит бойынша кепіл ретінде Астана қаласындағы аумағы 127 шаршы метр екі бөлмелі пәтер мен 128 шаршы метрлі үш бөлмелі пәтерді, Алматы қаласындағы 660 шаршы метрлік коттеджді, Астанадағы 310 шаршы метрлік бес бөлмелі пәтерді қойып тастаған. Және егер «Технометаллинвест» фирмасы 2023 жылдың соңына дейін кредит бойынша төлемесе, осы мүліктер Еуразиялық банкке өтеді. Ал фирма астыртын келісім бойынша несиесін төлемей отыр.

Сонда, схема мынадай: Орифжан Шадиев мемлекетке 13,9 миллиард теңге қарыз болғандықтан басындағы бар мүлкінен айрылуы мүмкін. Мемлекет тартып алмай тұрып, оны Еуразиялық банк балансына өткізіп жіберу ойластырылған. Себебі, Еуразиялық банктің 33,3% акциясы оның үлкен әкесі Патох ШОДИЕВКЕ тиесілі. Ал Патох Шодиевтің достары Александр МАШКЕВИЧ пен Мукадасхан ИБРАГИМОВАНЫҢ қолында банктің қалған 66,6% акциясы тұр. Патох Шодиев 7 балалы отбасыдан шыққан. Бауырлары – Хакім, Нәби, Қасым, Фазыл, Рауп пен Қабыл. Орифжан осы Қабылдың баласы.

Ұлттық Банк бұл мәмілеге қарсы шығып, оны болдырмай тастады. Орифжан Шадиев құрған схема іске аспады. Тек көкейде бір сұрақ қалды. Еуразиялық банкті туысын құтқару үшін түрлі схемаға салғанша, НЕГЕ Патох Шадиев Орифжанның мемлекет алдындағы 13,9 миллиард теңгесін төлеп бермейді? Бұл – Еуразиялық үштікке кіретін олигарх үшін болмашы қаржы. Себебі, Еуразиялық қаржылық топтың (ERG, Еуразиялық банк) бір жылдық дивиденді бұл қарыздан ондаған есе асып жығылады.

Олигархтар үшін Қазақстанға заң бойынша ақша беру, қарызды қайтару күлкілі көрінетін сияқты. Оданша баяғыдай алдап кету, біреумен келісе салу сияқты ескі әдістерге көбірек сенеді. Бірақ енді оның жұмыс істемейтінін қазіргі жағдай байқатты.

Орифжан Шадиев мемлекетке қалай қарыз болды? 2017 жылы қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағдарламасы аясында «Capital Bank» Ұлттық Банктен 20 миллиард теңге кредит алған болатын.

Оған Capital Bank акционері Орифжан Шадиев гарант болды. Бірақ, оның банкі 2021 жылы лицензиясынан айырылып, банкрот атанды. Сол кезде «Capital Bank» 7,4 миллиард теңгені Ұлттық Банкке қайтарып берді.

Ал сот шешімі бойынша пайызын қосқанда, Орифжан Шадиевтің қарызы 15,9 миллиард теңге болды. Осы уақытқа дейін Шадиев 1,8 миллиард теңгені қайтарған. Сонда қалған қарызы 13,9 миллиард теңге болып отыр.

Мемлекет осы ақшаны қайтарып алуға ниетті және дегеніне жететіні анық. Ал Шадиев ақшаны қайдан алады? Үлкен әкесінен қарыз сұрай ма? Бұл – өзінің проблемасы.

Тегтер: