28 Маусым 13:35

Ақшаны қайтар! НЕГЕ олигарх Орифжон Шадиев халықты 21 миллиард теңгеге тақырға отырғызып кетті?

Фото:

«Capital Bankтің» лицензиядан айрылуымен олигарх Орифжон Шадиевтің банк бизнесінен шығу процессі аяқталды. Оның екі банкі де мемлекет шешімімен жабылып отыр. «Capital Bankтен» бұрын ҚНРДА «AsiaCredit Bank» лицензиясының күшін жойған болатын.

Шадиевтің банктерін құтқаруға құлықты емес екенін ол «AsiaCredit Bank»-ті толық капиталдандырмағанынан-ақ байқаған болатынбыз. Нәтижесінде отандық қаржы жүйесі мен салық төлеушілерге 21 миллиард теңгеден астам шығын келіп отыр. Себебі, Ұлттық Банкке қарасты (яғни мемлекеттік) Депозиттерге кепілдік беру қоры «AsiaCredit Bank» клиенттеріне 19,2 миллиард теңге, ал «Capital Bank» салымшыларына 2 миллиард теңге сомасына өтемақы төлеп беретін болады. Бұл жағдайда кепілдік беру қорының Орифжон Шадиевтің былайша айтқандағы қарыздарын өзіне салым төлеп отырған басқа банктердің есебінен жабатынын айта кету керек. Ол өз кезегінде Қордың қаржылық тұрақтылығына жағымсыз әсер етуі мүмкін.

«Жалпы, біздегі банк саласындағы жағдайға қарап отырып, оның тез арада қалпына келуіне үміттенбеймін», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

«Егер реттеу мен қадағалауды әлсірететін болсақ, онда «Capital Bank» артынан басқалары да ереді. Менің ойымша, банк портфелінің біраз бөлігі Еуразиялық банктен көшіп келген сияқты. Шағын банктерді консолидация процессі күтіп тұруы мүмкін. Қалай дегенде де, реттеушінің осы үрдісті жеделдеткені жөн»

Лицензиядан айырылған сәтте «Capital Bank» өзінде азаматтардың 47 мың, ал заңды тұлғалардың 431 депозитін ұстап отырған. Олардың жалпы сомасы 2 миллиард теңге болған. ҚНРДА мәліметі бойынша, банк активтері 38,5 млрд теңгені, ал несие портфелі – 33,9 млрд теңгені құрады. Несиелердің 89,8 пайызы проблемалық атанған.

«Capital Bankте» мектептер, ауруханалар мен квазимемлекеттік сектор компанияларының жалпы сомасы 31 миллиард теңгелік депозиттері жатқан. Мемлекет Шадиевтен осы қаржыны орнына қойып беруді талап етті.

«2020 жылы Банк акционері Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды», – деп жазады ҚНРДА өз мәлімдемесінде.

«Көрсетілген Жоспарды орындау шеңберінде Агенттіктің қатаң бақылауымен Банк 2020 және 2021 жылдары Банктің депозиторлар алдындағы 31 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті. Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі де өтелді»

Бірақ біз оның өтелуі оңай болмағанын жақсы білеміз.

«Шадиев өз міндетін орындауы үшін қосымша уақыт беруді сұрап Президент Тоқаевқа хат жазды», – дейді жағдаймен жақсы таныс Nege.kz дереккөзі. Оның сөзінше, Ақорда Шадиевтің сұраған уақытымен келіскен және ол 31 миллиард теңгені қайтарып бергеннен кейін ғана барып банк лицензиясының күшін жойып тастаған.

«Мемлекет өз қалтасынан 31 миллиард теңгені жабуға келіспеді және мектептер, ауруханалар мен квазимемлекеттік компаниялардың депозиттерін қайтаруды Шадиевтің өзіне жүктеді. Нәтижесінде Шадиев қаржыны басқа бизнестен шығарып беруге мәжбүр болды. Ал мемлекет жеке және заңды тұлғалардың қалған 2 миллиард теңге қаржысын Депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы қайтаруға шешім қабылдады»    

Осымен біздің көз алдымызда банкротқа ұшыраған банктер саны онға жетті. Олар: «Наурыз банк», «Валют-Транзит банк», «Казинвестбанк», «Delta bank», «Qazaq banki», «Эксимбанк Қазақстан», «Астана банкі», «Tengribank», «AsiaCredit bank» және «Capital Bank». Және осы тізімнің жыл сайын толығып отыратынына сенімдіміз.

Бұл – елдегі банк саласының созылмалы ауруға шалдыққан әлжуаз ағзаға айналып отырғанын айғақтайды.  

Тегтер: