3 Сәуір 12:45

Джохар ӨТЕБЕКОВ, заңгер: Алқабилер Бишімбаевтың жазасын жеңілдетуі мүмкін

Сот
Фото: Коллаж NEGE

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы онлайн өтіп жатыр. «Кінәмді мойындамаймын, соттың ашық өткенін қалаймын» деген ол алдын-ала сот отырысында осылай деген еді.

Жоғарғы сот та «Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қоғам тарапынан қадағалауды ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады» деген болатын. Айта кету керек, 27 наурызда басталған сот отырысы 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы) алқабилер алқасының қатысуымен өтуде. Бүгін сот Қ.Бишімбаевты тергеуді жалғастырып жатыр.

NEGE тілшісі дүйім жұрт қадағалап отырған ашық режимдегі сот отырысының өту барысына қатысты заңгер Джохар ӨТЕБЕКОВТІҢ пікірін білді.

Адвокат
Д.Өтебеков. Фото: ғаламтордан

– Меніңше, судья Айжан Құлбаеваның әрекеті дұрыс емес деп есептеймін. Неге десеңіз, судья заң нормаларын бұзып Бишімбаевтың адвокаттарына жәбірленуші тарапқа қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ар-ожданы мен абырой-беделіне нұқсан келетін сауалдарды қоюға жол берді. Марқұм болған адамның атына күйе жағып, қаралауға болмайды. «Ол ішімдікке құмар, отбасылық еркекпен жүрген, өзін агрессивті ұстайтын, үй шаруасымен айналыспайтын» тағысын тағы деген Бишімбаевтың портреттік суреттеме жасауы тым артық. Ал судья Бишімбаев пен оның қорғаушыларына осылай айтуға неге рұқсат беріп қойды?

Мұның бәрі алқа билердің көз алдына қайтыс болған жәбірленуші С.Нүкенованың жағымсыз образын қалыптастырып, Бишімбаевты «құрбан» қылып көрсетуі мүмкін. Бұл – судьяның қателігі. Кім болса да, адам өлтіруге қақысы жоқ.

1 сәуір күнгі отырыста алқабилердің жәбірленуші тарапқа қойған сұрағы да ақылға қонымсыз. Содан-ақ олардың Бишімбаевтың жағына шығып отырғанын байқауға болатындай. Жалпы, қылмыстық-процесуалдық заңының нормасына сәйкес, сот алқабилер алдында адамның жеке тұлғасына қатысты жайттар көтерілмеуі керек. Тек сол оқиға ғана талқылануы тиіс. Заң алдында, сот алдында адамның құқығы бірдей. Бишімбаевтың да бұл қайғылы оқиғаға дейін агрессивті, ішімдікке әуес, бұрын істі болғаны маңызды емес, – дейді заңгер.

Сот
Фото: ғаламтордан

Сондай-ақ, Джохар Өтебеков сот отырысы кезінде осы секілді техникалық-процесуалдық заң бұзушылықтар жиі көзге ұрып тұрғанын жеткізді.

– Мәселен, судья мен мемлекеттік айыптаушы сұрағын отырып қойса, жәбірленуші тарап пен адвокаттарын орнынан тұрғызуға мәжбүрледі. Не үшін олай істейді? Судьяның өзі сот отырысының ашық түрде өткізіліп жатқанын түсінбейтін сияқты, – дегенді айтты.

Әлеуметтік желіде судьяның сот барысында Бишімбаев пен оның адвокаттарына жұмсақ қарайтыны туралы да сан түрлі пікір бар. Бұл туралы заңгер: «Жалпы, судьяның айыпталушы тараппен қалай сөйлесетіні, өзін қалай ұстауы қызық емес. Бишімбаевтың қорғаушыларының әрекеті заңға және кәсіби этика мәселесіне қайшы емес шығар. Адвокаттың жұмысы сол, олар соны орындап қана отыр. Бірақ моралдық, адамгершілік тұрғыдан дұрыс деуге болмайды. Өз басым олай істемес едім. Алайда, судья тактикасын өзі таңдайды», – деп жауап берді.

Жалпы, Бишімбаевқа қатысты сот отырысын онлайн көрсетудегі басты мақсат не? Бұған дейінгі елдің қазынасын тонаған жемқорлардың ісі де, талай адамды жазықсыз қырған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері де тасада өтті. Бұл сауалға заңгер Джохар Өтебеков не дейді?

Адвокат
Фото: ғаламтордан

– Ең бастысы, бұл істің саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Сол үшін бұл іс билікке қорқынышты емес. Оның үстіне қалай болғанда да сотталатын адам. Бірақ билік Бишімбаевтан мұндай «циркті» күтпеген шығар, тіпті сот отырысының алқабилермен бірге өтетінін ойламаған да болуы мүмкін. Себебі, судья билік не айтса, соның ығымен шешім қабылдайды. Ал халық арасынан таңдалған алқабилердің қандай шешім шығаратыны билікке де, бізге де белгісіз. Сот шешімін судья мен 10 алқа би шығарады. Шешім қабылдауға 11 дауыстан 6 дауыс жеткілікті. Тіпті, Бишімбаевты ақтап, оған жеңіл жаза тағайындауы да мүмкін. Оның ісіне басқаша квалификациялық саралау берілуі де ықтимал.

Алқабилер кәсіби заңгерлер емес, қоғамның қарапайым өкілі. Оларға эмоция күшті әсер етеді. Бишімбаев әрі қарай да жәбір көрген Нүкенованы қаралап, өзін ақтап «жылай» берсе, алқабилер де жанашырлық танытып, жазасын жеңілдетуі мүмкін, – дейді заңгер.

Сот
Фото: ғаламтордан

Сондай-ақ, ол: «Билік судья мен прокурордың бағасын тым «асырып жіберген» сияқты. Таңдалып алынған судья мен прокурорымыздың түрі осындай. Қазір халық осы сот процесінің қалай өтіп жатқанын тайға таңба басқандай көріп отыр. Жабық өтіп жатқан сот отырыстарында бұдан өткен сорақылыққа куә болып жүргенімізді айтпай-ақ қояйын. Жалпы, биліктің сот процесін тікелей эфирде өткізу туралы шешімі орынды. Осы арқылы «Бізде әділдік бар» дегенді көрсеткісі келген шығар. Бір жағынан бұл халықтың құқықтық мәдениетін жоғары деңгейге көтереді. Сот қалай өтіп жатқанын көрген жұрт сабақ алады деп ойлаймын», – деп түйіндеді пікірін.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетке барған айыпталушы Бишімбаев пен ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған күдікті Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі бүгін де жалғасады.