30 Қараша 19:04

Астананың қарқынды дамуына Ұлттық жобаның ықпалы зор

Фото:

Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін елімізде тұрғын үйлер мен басқа да халыққа қажетті ғимараттар салынып, ірілі-ұсақты жолдар жөнделіп, жылу мен ауыз сумен қамту мәселесі де жиі-жиі көтеріліп, шешіліп те жатқаны белгілі.

2021 жылы қабылданып, 2025 жылға дейін іске асатын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының да мақсаты осы.
Мамандардың айтуынша, Ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламалардан ерекшелігі, форматы неғұрлым ықшам, бірінші кезекте бюджеттен  қаржыландырылатын нақты іс-шаралар. Күтілетін нәтижелер ұлттық жоба кестесіне сай, тиімділік көрсеткіштеріне байланысты өлшенеді.

Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру.

Осы ретте «Инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс» деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, әсіресе жаңадан бой көтеріп, қарқынды дамып жатқан Астанада «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында мектептер мен балабақшалар, аурухана мен емханалар сияқты инфрақұрылымдардың санын көбейту де іске асып жатыр. 
Бүгінгі күнге жету бас қаламыз үшін де оңай болмады. Астана болғалы қалада 33 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 670 балабақша мен мектеп, жүзден астам мәдени және спорт нысандары салынды. Сонымен бірге 14 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылғанын да айта кету керек. Осы уақытқа дейін әлемнің 75 елінен 2 мыңнан аса компания Астанаға бизнес жүргізу үшін келгенін мақтанышпен айтуға болады. 

Астананың маңызы мен онда жайлы тұрмыс қалыптастыру үшін жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде былай деген еді:
     – «Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуі тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз. Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Астана қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің барша азаматына мол мүмкіндік береді. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау, мәдени-демалыс мекемелері мен қоғамдық орындар барлық адамға бірдей қолжетімді болу керек», – деді президент Қ. Тоқаев.

Десе де, әлі елордада 48 мың отбасы үй кезегінде тұрғанын есте сақтау қажет. Себебі қала өсіп, тұрғындардың да саны күн санап артып келе жатыр. Осыған орай қаламыз өз міндеттерін атқарып, жұмыссыздық мәселесін орынды шешуге тырысып жатыр.

Айта кетейік, қалада жыл сайын 40 мың тұрақты жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Осы ретте Астананың одан әрі қарқынды дамып, әлемдегі ең бай, ең дамыған, қуатты астаналарының біріне айналуы үшін ауқымды жобалар іске асып, маңызды қадамдар жасалынып жатқаны белгілі. Мемлекет тарапынан барынша қолдау көріп отырған жас қаламыз ендігі қарыштап дамиды деген ойдамыз. 

Тегтер: