2 Мамыр 05:55

Аты аңызға айналған футболшылар Астанада ағаш отырғызды

Астана әкімдігі
Фото: Астана әкімдігі

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аты аңызға айналған футболшы Коло Туре мен Фадига Халилу көшет отырғызды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алматы, NEGE. Елімізге футболдан жас өрендерді іріктеу мақсатында «Super bol» жобасына арнайы келген Коло Туре мен Фадига Халилу Астана қаласындағы Қазақстан футбол федерациясы аумағында көшет отырғызу акциясына қатысты.

«Қазақстанға футбол жобасына арнайы қонақ ретінде бірінші рет келдім. Тек жасыл алаңда ғана емес, қаланың экологиясын сақтау мақсатында ұйымдастырылған акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұған дейін де көптеген қалаларда болдым. Ал Астананың өзіндік әдемілігі бар. Тазалығы бір жолға қойылғаны көрініп тұр. Бастысы мені сыйлап, шақырғандарыңызға қуаныштымын!» – деді бұрында «Арсенал», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» сапында доп тепкен футболшы Коло Туре.

Айта кетейік, 8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында 29 сәуір бен 4 мамыр аралығында қарттар үйі, ардагерлер, қызмет барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы тұратын үйлер аумағын абаттандыруға бағытталған «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығымен жалғасып жатыр.

Биыл Астанада барлығы 1,1 миллион жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Үш аптада қалада 74 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Естеріңізге сала кетейік, 3 аптадан бері елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр. Кең көлемді экологиялық науқан аясында қаланы, нөсер және суару жүйелерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жүргізілуде. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына жақын аумақтарды тазалау, көгалдар мен гүлзарларды тазалау, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және т.б. жүргізіледі.