5 Сәуір 13:43

Раушан Шәмілқызы: Алматы қаласының туристік әлеуеті зор

раушан
Фото: Раушан Шәмілқызы

  Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, 2023 жылы Алматыға келген туристердің саны 2 038 417 адам болыпты. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,6 пайызға артық.

Алматы қаласы шетелдіктер көргісі келетін көшбасшы туристік қалаға айналып келеді. Мұның арқасында туризм саласында жұмыс істейтін адамдардың қарасы 10,4%-ға өскен. Нақтырақ айтсақ, қазір 80 983 адам осы салада жұмыс істеп, бала-шағасын асырап, жан бағып жүр. Бұл – Алматы қаласында тұратын еңбекке жарамды халықтың 7,7 пайызы. Аз көрсеткіш емес. Десе де, тоқмейілсуге әлі де ерте.

Туризмнің пайдасы шеш етектен. Осы салаға тартылған инвестицияның көлемі 47,7%-ға, өсімі 106,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл – негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемінің 6%-ы.

Былтыр алып шаһар – Алматының туризм секторындағы салық түсімдері 64 пайызға өскені анықталды. Жалпы түсім – 71,7 млрд. теңге. Жергілікті бюджеттің жалпы салықтық түсімдеріндегі үлесі – 5 пайыз.

Алматы қаласының туристік әлеуеті жөнінде Туризм индустриясы ұлттық қауымдастығының президенті Раушан Шәмілқызы NEGE-ге сұхбат берді:

– Алматы қаласына келген туристердің саны күрт артыпты. 2019 жылғы пандемия алдындағы деңгейден 52,7 пайызға асқан. Көрсеткіштердің өсуі Алматының туристік бағыт ретінде тартымдылығының артқанын көрсете ме? Сіздіңше, бұған қандай жағдайлар түрткі болып отыр?

– Пандемия кезінде әлемдегі барлық халық үйден шыға алмай қалды. Туристердің күрт артуына бұл да бір себеп. Биыл Қытайда Қазақстан жылы деп жарияланды. Сондықтан қытай азаматтары үшін Қазақстанға сапарлап, қызықтап қайту қолайлы бола бастады.

Бұдан бөлек, Үндістаннан туристер легі байқалады. Көп үнді турисінің біздің елге келуінің өзіндік себебі бар. Ол жақта қар жоқ. Біздің қарымызды, қайталанбас табиғатымызды көргісі келеді.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Араб мемлекеттері азаматтарына визасыз келіп-кетуге мүмкіндік бердік. Оның үстіне, 83 мемлекет үшін визалық режимді алып тастап отырмыз. Сондықтан туристердің саны күрт артты.

Қытай елімен визалық режим алынды. Мұның да әсері бар ма?

– Әрине, мұның да септігі тиіп отыр. Бұрын да қытайлықтардың 14 күнге туристік визамен келуге мүмкіндігі болған. Ал қазір екі жақты қол қойылғаннан бері бізге Қытайға бару, қытайлардың бізге келу мүмкіндігі күшейді. Енді Қытай азаматтарына жүріп-тұру ыңғайлы.

Мәселен, қытайлық турист Орталық Азиядағы үш мемлекетті аралап, көргісі келсе, Өзбекстаннан Қазақстанға қайта келіп, Алматы арқылы ұшу қолайлырақ. Бұрындары оған екі-үш мәртелік виза жасауымыз керек болатын. Қиындықтар туындайтын. Мұндай визаларды алу да оңай шаруа емес еді. Кім көрінгенге бере бермейтін еді.

Кейін электронды виза шықты. Екі рет алатын болса, баға өседі. Әр визаға ақша төлейді. Ал қазір визасыз болғандықтан, Өзбекстанға да, Қырғызстанға да кіріп, қайта кете алады. Өйткені, Қазақстанға екі рет, үш рет кіруге де мүмкіндігі бар. Бұл да туризмнің дамуына серпін беретін іс-шара деп білемін.

медеу
kazakhtourist.kz

– 2023 жылы туризмді дамытуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Осы мақсатқа жұмсалған 1 теңге салық түрінде бюджетке 34,14 теңге көлемінде қайтарылып отыр. Бұл туризм саласының қала экономикасына қосқан оң үлесі мен тиімділігін көрсетеді. Демек, Туризмнің дамуы Алматы қаласының ғана емес, ел экономикасына да серпін беруге қауқарлы болғаны ма?

– Әрине, туризм арқылы байып отырған қаншама мемлекет бар. Туризм – үшінші қаржы көзі. Мысыр, Түркия және БАЭ елдері туризм арқылы жақсы пайда тауып отыр. Меніңше, Қазақстан әлі де туризмге баса назар аударып жүрген жоқ. Туризм арқылы қаржы табу мүмкіндігін әлі дұрыс бағамдай алмағандаймыз. Бұған баса көңіл болып, инфрақұрылымдарды жөндеп, әрі қарай дамытсақ, туризм арқылы тұрмысымызды түзеуге болады.

Өйткені, бір туристтің елге қаншама қаржы тастап кетеді. Тамақ ішеді, транспортпен жүреді, мұражайларға кіреді, табиғат орындарына барады. Дүкендердің саудасын қыздырады. Жалпы, туризм 32 саланы қамтып, пайда әкеледі.

Соңғы 5 жылда Алматыда 1345 нөмірі бар 12 қонақүй ашылыпты. Оның ішінде желілік қонақүйлер де бар (Hilton, Accor және InterContinental). 2027 жылы бөлмелер санын 1,5 есе ұлғайтып, 17 мың бөлмеге жеткізу жоспарланған. Маусым айында Алматы халықаралық әуежайында екі есе көп келушілерді 14 млн адамды қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа жолаушылар терминалын іске қоспақ.Туристерге қызмет көрсету сапасы да артып келе жатыр деп айта аламыз ба?

Елімізде Астана мен Алматы қаласында ғана халықаралық әуежай бар. Біздің әуежайымызға әлі де көп нәрсе керек. Жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа құрылыстары салынып жатыр. Осы жұмыстар бітсе, туристер бұдан да көп ағылады деп ойлаймын.

Туристік компаниялар үздік қызмет көрсетуге ұмтылып жатыр. Лицензиясы, тәжірибесі бар компаниялар сапалы жұмыс жасайды. Лицензиясы жоқ, тіл білмейтін, әйтеуір, туристерді күтіп алып, шығарып салып жүргендер де бар. Мұндайлар әлі де кездеседі. Бәрін бір жүйеге келтірсе, келген қонақтар лицензиясы бар тәуір компаниялармен келіп кетсе, ұялмай, жүзіміз жарық болар еді.

Дәретханалардың жағдайын, жалпы, инфрақұрылымның нашар екенін білесіздер. Көліктеріміздің көнелеу көрініп қалатыны бар. Мұндай мәселелер аз емес. Ақсап тұрған дүниелер де көп.

Алматы қаласы туристер үшін несімен тартымды?

Алматы қаласы – оңтүстік астанамыз. Халықаралық хаб. Биснестің қаласы. Әлемнің түкпір-түкпірінен бизнесмендер келеді. Оны бизнес туризм дейміз. Алматы қаласы таудың баурайындағы көрікті қала деп аузымызды толтырып айта аламыз. Теңіз деңгейінен 1 691 метрге дейін көтерілуге мүмкіндік бар. Сондықтан Алматы қаласының туристік әлеуеті зор.

Бұдан өзге, Алматының өз тарихы бар. Заманауи зәулім ғимараттармен қатар, тарихи ғимараттар да бар. Санамалап кетсек, Түрксіб темір жолы, Ұлттық мүзейіміз, жиырмасыншы ғасырдың басында салынған көне соборымыз бар. «Рахат», «Бахус» секілді зауыт-фабрикаларымызды да мақтанышпен көрсете аламыз. Сөз жоқ, барымызды жоғарғы деңгейде көрсете білуіміз керек.

Әңгімеңізге көп рахмет!