19 Наурыз 15:58

«Полковникке ешкім хат жазбайды» немесе қырық жылдық жалғыздық туралы

Президент
Фото: Коллаж NEGE

Не деген зымыраған уақыт! Күнтізбеге қарасам, бүгін Қазақстанның жаңаша тарихындағы ерекше күн екен, яғни осыдан дәл бес жыл бұрын, 2019 жылдың 19 наурызында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси сенсация жасады: президенттік лауазымнан өз еркімен бас тартып, орнын сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа «бере салды».

Әрине, демократ ретінде мұндай қадамды (яғни бір адамның екінші бір адамға өзінің жеке қалауымен орнын беруді) өз басым демократиялық шешім деп санамаймын. Бірақ отыз жыл бойына бір адамның билігінен басқа ешнәрсе көрмеген жұрт үшін мұның өзі үлкен жаңалық болды.

Мұндай таңдауын Назарбаевтың өзі түсіндіргендей болды. Алайда ол барлық шындықты айтпаған сықылды. Сондықтан өз долбарымды айтып көрейін.

Билік деген есірткіге тәуелділік сықылды, одан өз еркімен бас тарту тек қана ұлы тұлғалардың қолынан келеді. Сол себепті тек қана Қазақстанның билігіне ғана емес, бар байлығына ие болған Назарбаевтың өз сценарийі болды деп есептеймін. Яғни, белгілі бір демократиялық процедураларды сақтап, бірден өз отбасының өкілін сайламай, өтпелі кезеңде елді басқара тұратын транзиттік тұлғаны өз орнына қойып, содан соң, келесі сайлауда өз туысын президент етіп, діттегеніне жету. Өйткені оның және оның отбасының байлығына кепілдік бере алатын бір ғана институт бар, ол – президенттік лауазым.

Бәлкім, сырт көзге аса әдепті, жұмсақ, дипломат, Назарбаевқа адалдығын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатқан Тоқаевтың жұлдызы сол себепті жанған болар. Тоқаевтан гөрі көбірек көзге түсіп жүрген, қолынан ел басқару келетін, мінезді, керек болса, айналасын орнына қоя алатын да үміткерлер болды емес пе? Бірақ Назарбаев «мына мінезімен ертең ырыққа көнбей кетеді» немесе «арамдық танытып, сөзінде тұрмай қояды» деп, оларды тізімнен сызып тастаған сияқты. «Ал Тоқаев болса, сөзіне берік, арамдыққа бармайды» деп ойлаған Назарбаевтың таңдауы бүгінгі президентке түскен болар.

«Еврейлер «кетем» дейді де, кетпейді» деген әзіл-шыны аралас екіұшты сөз бар емес пе? Ешкімге сенбейтін Назарбаев Тоқаевтың да күшке мініп кетуінен қорқып, президенттіктен бас тартса да, елдегі аса маңызды қызмет – Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін уысынан шығара қоймады. Есіңізде болса, президент Тоқаев сол кеңестің қатардағы мүшесі боп, көппен бірге үстел басында отыратын. Ол дегеніңіз нонсенс еді ғой! Яғни, Назарбаев келесі сайлауға дейін Тоқаевты бақылап отыру мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан да біз Тоқаевтың саяси жауапкершілігі туралы сөз қозғағанда, 2019 жылдың 19 наурызынан емес, 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастауымыз керек деп санаймын. Сол себепті «Қанды қаңтарға» тікелей Назарбаев жауап береді деп толық сеніммен әрі құқықтық, саяси негізбен айтуға болады.

Президент
Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев. Фото: ғаламтордан

Сөз жоқ, екеуара транзиттік келісімге келер алдында ұсынушы ретінде Назарбаев Тоқаевқа бірқатар шарт қойғаны айтпаса да түсінікті: ешбір авторитар басқа біреуге билікті жайдан-жай бере салмайды. Оның ішінде, ең алдымен, өзінің жеке басы мен отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі, олардың елдегі мәртебесі, атқарып жатқан қызметтері, жиған-терген капиталдары мен мүліктеріне кепілдік, бизнестеріне қатысты жайлар келісілген болар. Бірақ, үш жылдан соң Қаңтар бұрқ ете қалды!

Сол күні ресми билік Тоқаевтың қолына көшті де, қалыптасқан жаңа ахуал Назарбаев пен Тоқаев арасындағы келісімге ішінара өзгерістер енгізгені байқалды.

Сөйтіп, Назарбаев ресми мәртебеден айрылғандай болды. Алайда қазіргі кезеңнің бір ерекшелігі сол: қолыңда саяси билік болса да, тиісті қаржылық және бизнес ресурстарсыз көп нәрсе жасай алмайсың. Ал отыз жыл бойына Назарбаев пен оның отбасы, айналасы жиған ресурстар әлі де солардың қолында. Бес жылдың ішінде елге қайтарылған екі миллиард доллардың өзі теңіздің бір тамшысындай ғана! Сол себепті өз басым Назарбаев ресми қызметтерден айрылса да, Қазақстан сияқты корпорацияға ықпал жасаудан қол үзді деп айта алмаймын.

Тоқаевқа тиісті әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға ауадай қажетті қаржының тапшылығын да осы себеппен түсіндіруге болады: «назарбаевшылдардың» Тоқаевқа көмектескісі жоқ. Керісінше, олар оның сүрініп кетуін аңдып отырған сияқты. Осы бес жылдың ішінде Назарбаевқа деген ресми және бейресми көзқарастың бұрын-соңды боп көрмеген метаморфозасының куәсі болдық.

Кеше ғана барша жұрт басына көтеріп, «елбасы», «тұңғыш президент» атанып, тұтас бір мемлекет ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап, билік олимпінде дүркіреп, түкірігі жерге түспей тұрған адам бір күннің ішінде түк болмай, ешкімге керек болмай калды. Маркесшелесек, «полковникке ешкім хат жазбайды».

Жалғыздық деген қиын ғой! Айналасында қолпаштап, қолтығына кіріп жүздеген адам жүрсе де, өз халқынан қол үзген кез келген адам, соның ішінде саяси тұлға, жалғыз боп қала береді. Өз жұртынан өзін биік санап, қырық жыл жалғыз жүрген Назарбаевтың жалғыздығы жалғасуда. Өйткені оған ешкім де хат жазып жүрген жоқ сияқты...

Экс-президент
Н.Назарбаев. Фото: ғаламтордан

Назарбаевтың режимі жайында отыз жыл бойына тек біз, саяси оппозиция айтып келе жатқан ащы шындықты бүгінде екінің бірі айтып жүр. Бұрын белгілі бір себептермен жария болмай келген сұмдықтардың беті ашылып жатыр. Әлі де талайы ашылар.

Назарбаев өзінің саяси карьерасын дәл осындай масқарамен, халықтың қарғысымен аяқталады деп ойлады ма екен? Өзінің ескерткіштерінің қиратылып жатқанын өз көзімен көру оңай емес болар. Оның ең үлкен трагедиясы дәл осы деп санаймын.

Өз басым Назарбаевтың президент ретіндегі өзінің қызметіне жан-жақты баға беріп, ащы шындығын да жария етіп, қателіктері мен кемшіліктерін көзі тірісінде мойындап, ағынан жарылғанын күтіп едім, олай бола қоймады. Жақында жазған кітабының да саяси салмағы тым жеңіл боп шықты. Өзін ақтау мен мақтаудан басқа өзіне деген сыни көзқарас көре алмадым. Тоқалын легитимдеуден аспады.

Сонымен бірге, осы бес жылдық дата Назарбаевқа ғана қатысты емес. Бұл дата дәл осы күні бас билікті қолына алған президент Тоқаевқа да тікелей қатысы бар. Өз басым Тоқаевтың бастамалары дұрыс деп санаймын, алайда олардың жүзеге асуына көңіл толмайды. Кадр саясатында қателіктер көбейіп кетті. Президент берген тапсырмалар дер кезінде орындалмайды. Мұның бәрі қалың елдің Жаңа Қазақстан идеясына деген сеніміне су сепкендей болады.

Осы бес жылдық дата бізге де, яғни, қоғамға да қатысты. Президенттер келеді, кетеді, ал халық ешқайда кетпейді. Сондықтан да осы бес жылдың біз үшін бір сабағы сол: жақсы бастамалар көтерілсе, неге қолдамаймыз? Жаңа Қазақстан құру тек қана Тоқаевтың ісі емес қой. Халықтың қолдауынсыз ол ешнәрсе бітіре алмайды. Кеше отыз жыл бойына Назарбаевқа оппозиция болғандардың енді автоматты түрде Тоқаевқа оппозиция болып қала беруі шарт па? Ал ертеңгі күні үшінші президент келсе, олар сол оппозициялық ұстанымда қала бере ме? Қоғам, соның ішінде саяси белсенді күштер мен тұлғалар мықтап ойланатын бір мәселе осы.

Ел
Фото: egemen.kz

Алайда мәселенің тағы бір жағы бар. Халық қолдасын десе, билік те өз халқының сеніміне ие болатындай тірлік жасауы шарт. Сыни пікір не балама ұсыныс айтқандарды ата жауы санамауы тиіс.

Міне, билікті дендеп алған осы теріс көзқарасты біржолата жойсақ, бәлкім, Жаңа Қазақстанды құру жеделдей түсер...

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.