13 Наурыз 11:21

АҚШ Қытайдың қытығына қатты тиді. Украина күш сынасар алаңға айнала ма?

Соғыс
Фото: Коллаж NEGE

Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс Америка Құрама Штаттары Украинаға неге көмек көрсетіп жатқанын айтты. Оған сенсек, АҚШ Украинаны қолдау арқылы Қытайды тежеп отыр.

Уильям Бернс бұл пікірін АҚШ Конгрессі Сенатының Барлау жөніндегі арнайы комитетінің тындалымында мәлімдеген. Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь: «АҚШ Украина үшін шын жаны ашып отырған жоқ, тек қана өзінің геостратегиялық жоспарының күйін күйттейді», – деп айыптады.

Украина АҚШ пен Қытайдың күш сынасар майданына айналып келе жатқандай. Әйтеуір, АҚШ барлаушысының сөзі осыны меңзейді.

ЦРУ
У.Бернс. Фото: Tom Williams / Getty Images

– Менің білуімше, біздің Украинаны қолдауды жалғастыра беруге қабілетіміз жетіп артылады. Өйткені, жанжалдың салдары Украина мен еуропалық қауіпсіздіктің шеңберінен шығып кетеді және тым алысқа бармақ. Украинаны қолдау Қытайды тежеп ұстауға көмектеседі. Тайвань болсын, Оңтүстік Қытай теңізі болсын, басқа да нүктелер болсын», – дейді ОББ басшысы.

Сондай-ақ, Бернс Украина мен оның төңірегіндегі жағдайға Бейжіңнің реакциясы туралы да пікір білдірген.

– Біздің бағалауымызша, Си Цзиньпин есін жиып алды. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылында, – дейді Бернс. Оның көзқарасынша, соғыс басталғаннан кейін Киев пен Батыстың, әсіресе, АҚШ-тың жасаған қадамдарын мүлде күтпеген.

Вашингтон Киевке жаппай қару-жарақ, әскери техника жеткізуді қайта қолға алмаса, онда Батыс үшін мұның салдары тым ауыр болмақ. Тек қана Еуропада ғана емес, Үнді және Тынық мұхитының барлық өңірлері де отқа орануы ғажап емес. Украинаға көмек беруден бас тартса, Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы одақтастары мен әріптестерінің АҚШ-қа деген сеніміне селкеу түсіп қана қоймай, Тайвань және Оңтүстік Қытай теңізіне қатысты Қытай басшыларының амбициясын күрт арттырады.

Соғыс
Фото: REUTERS/Ann Wang

ОББ басшының сөзіне сенсек, ол соғыс кезінде Украинаға 10 мәрте барып қайтыпты.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі де Уильям Бернстің бұл ұстанымына қатысты пікір білдіріп үлгерді. Ведомствоның ресми өкілі Ван Вэньбинь «Тайваньның Қытайдың ажырамас бөлігі» екенін тағы бір мәрте ескертіп өтті.

– Тайвань мәселесі – Қытайдың ішкі ісі. Сыртқы күштердің оған араласуына ешқандай хақысы жоқ. Әрдеңені сылтауратып, Тайвань мәселесіне араласуға ұмтылған кез келген ел сәтсіздікке ұрынады, – деп мәлімдеді ол.

Бернстің мәлімдемесі Бейжіңнің қытығына қатты тигені байқалады. АҚШ-тың өзін «әшкерелеуге» тырысып бақты.

Қытай
В.Вэньбин. Фото: AP Photo / Ng Han Guan

– Бұл (Бернстің – ред.) сөзі «АҚШ-тың Украина үшін алаңдап отырмағанын көрсетеді, шын мәнінде Украина дағдарысын өзінің геостратегиялық мақсатына жету үшін пайдаланып қалмақ, – деді Ван Вэнбинь.

Әлемдегі екі алпауыт ел АҚШ пен Қытай осылай бір-бірін сөзбен түйреп алды. Бір қызығы, әңгіме Украинадағы соғыс туралы болып жатса да, қос тарап Ресей, Кремль немесе Путин туралы бірде-бір сөз айтпаған. Тіпті, мұндай ел әлемде жоқтай. Жаппай қырып-жоятын қаруымен әлемді қорқытып жүрген біреу болса, ол қиял-ғажайып фильмдегі ойдан шығарылған бір құбыжық кейіпкердей әсер қалдырады. Ал шын аңдысып, атысып, жаға жыртысып жатқан екі ел болса, ол АҚШ пен Қытай секілді.

АҚШ
Джо Байден. Фото: AP Photo / Andrew Harnik

Бір қырынан алғанда, бұған таңғалудың да қажеті шамалы. Джо Байден Ақ үйдің табалдырығын аттап кірген кезде-ақ, «Америка Құрама Штаттарының ендігі басты қарсыласы – Қытай», – деп ашық мәлімдеме жасаған-ды. Өйткені, бірполярлы әлемдік жүйені жерлеуге қауқарлы басқа қауіп жоқ.

Қытай да әлемге үстемдік жүргізуіне бірден-бір кедергі келтіретін ел АҚШ екенін жақсы түсінеді. Десе де, Бейжің ежелгі Қытай ойшылы Сунь-Цзының « Жүз ұрыста жүз мәрте жеңу – әскери өнердің шыңы емес, дұшпаныңды ұрыссыз жеңу – нағыз шың», – деген сөзін жадынан шығармас. Шалт қимылға бармай, осы қағиданы басшылыққа алуы кәдік. Бұған Ресей мен Украина арасындағы соғыстың сабақ болары сөзсіз.