13 Мамыр 19:26

Судьялар НЕГЕ пара алады?

Фото:
Соңғы кезде елімізде судьялар парамен жиі ұсталатын болды. Тіпті, ай сайын бір дерек тіркелуде. Неге? Әлде, жемқорлыққа қарсы шаралар әлсіреп кетті ме? Бұл тұрғыда

«Время» газетіне Жоғарғы сот аппаратының ішкі қауіпсіздік бөлімінің жетекшісі Тимур Ермағамбетов жауап берді.

«Сотта жылына 1,5 млн іс қаралады»

«Судьялардың жиі ұсталуы сот органдарында жемқорлықтың артқанын білдіре ме?» деген сауалға: «Олай емес. Мұны әділ бағалау үшін сот жүйесінде не болып жатқанын жан-жақты қарастыру керек. Біріншіден, сот – классикалық түрдегі мемлекеттік орган емес. Кез келген мемлекеттік мекемеде шешімді басшы қабылдайды. Оған қарамағындағы бір топ көмекшісіі жәрдем береді. Ал сотта олай емес. Бәрін судья өзі дайындап, шешімді өзі шығарады. Тіпті оның 20 жыл жұмыс өтілі бар ма, кеше ғана судья болды ма, бәрібір. Шенеуніктің қателігін жедел түрде жөндеуге болар, ал соттың қателігін жоғары инстанция ғана түзей алады. Бұл әрі қоғам алдында ғана жүзеге асады.

Т.Ермағамбетов.

Екіншіден, судьялар кадр мәселесінен шеттетілген. Оларды жұмысқа алумен сот төрағалары емес, Жоғарғы сот кеңесі айналысады. Бұл орган жұмыстан шығарады немесе жазаға тартады.   

Үшіншіден, қоғамда болып жатқан қылмыстың бәрі соттың алдына келеді. Санмен айтсақ, жылына 1,5 млн іс. Судьялар әр жұмыс күні 6 мың шешім мен үкім шығарса, соның ішінде бір судья күніне 10-15 қылмыстық іске нүкте қояды.  

Мәселен, 2018 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 200 жаңа судья қабылданды. Ал 2014 жылы 750 кандидаттың 500-і ә дегенде судья атанған еді. Оның 50-і Алматы қаласының сотына қабылданды.

Сол 500 судьяның 103-і әртүрлі себеппен қызметінен босатылса, 19-ы жұмыс барысында жазаға тартылды. Ал оншақтысы қылмыстық әрекеттің обьектісіне айналған.

Қазір жағдай басқаша. Жаңа HR-тазалау сот органына судьялардың кездейсоқ келуіне жолды жапты. 2018 жылдан бері жылына 50 маман ғана судья болып орналаса алады. Егер 2018 жылға дейін 100 кандидаттың 25-і судья болса, қазір жүздің тек алтауы ғана. Осы уақыт ішінде шамамен 300-дей жұмыс орны пайда болды. Әрбір төртінші аудандық сот төрағасыз жұмыс істеуде. Неге? Келгісі келетіндер көп, бірақ үміткерлер Жоғарғы сот кеңесінің жаңа талабына сай емес. Одан бөлек судьялар бірнеше талаптан тұратын кәсіби дағдысын бағалау жүйесінен өте алмайды.

Айта кету керек, сот жүйесінде жемқорлыққа қарсы шаралар қабылданған. Судьялардың жалақысы өсті, сот төрағаларының өкілеттілігі шектеліп, жауапкершілік қатаңдатылды.

«Соңғы 3 жарым жылда 35 судья жауапқа тартылып, 15-і сотталды»  

Өзім басқаратын бөлім құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатты. Біз 2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен, ал осы жылдың басында Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі, Қаржы мониторингі және жемқорлыққа қарсы әрекет агенттігімен  әріптестік орнаттық. Бұл судьялар арасындағы қылмыстық әрекеттің анықталуына түрткі болды.   

Соңғы үш жарым жылда 35 судья жауапқа тартылып, 15-і сотталды.  Қалғаны жұмыстан босатылды. Бұл жақсы ма, жаман ба?

Тағы бір мәселе, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бір сөзінде: «Қазір сот пен тергеу органдары арасында ұжымдық ынтымақтастық бұзылды», – деген еді. Бұл нені білдіреді? Бұрын судьялар құқық қорғау органдарының жұмысына көзжұмбайлықпен қараса, есесіне, олар да судьяларды қармаққа ілмейтін. Бұдан не түюге болады? 2015-2017 жылдар аралығында жемқорлыққа қарсы комитет ұсталған судьялардың біреуін де ақтап шыққан жоқ. Алайда, соңғы 3 жылда 36 адамды ақтап алды.  

Айта кету керек, 2018-2020 жылдар ішінде жемқорлық әрекеті үшін 23 прокуратура қызметкері, 10 жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі және 930 басқа да құқық қорғау орган қызметкері жазаға тартылды. Демек, сотты тазалау жұмысы өте ауыр. Және бұл тез болатын нәрсе емес. Жүйені толыққанды тазалап, сауықтыру үшін уақыт керек.

Биыл Фемиданың 800 қызметкері кәсіби жарамдылығын бағалаудан өтеді. Меніңше, қоғамды да сауықтыру керек. Әзірге параны беруді тоқтатпағанша, ала береді. Батыс елдерінде азамат сотта жеңіліп қалса, аппеляциялық сотқа беру үшін білікті заңгер іздейді. Ал бізде басынан қалай да жеңіп шығуды ғана көздейді. Сотта қорғаушың мықты болса, парасыз-ақ жеңіп шығуға болады. Бұған мысал да жеткілікті.

 

Әлгінде ғана 15 судьяның жазаға кесілгені туралы айтылды. Осы кезде «Сол судьялар жұмыс істейтін сот төрағалары неге отставкаға кетпеді?» деген сұрақ туындайды.

«Әр судья заң бойынша тәуелсіз. Соның ішінде ол жұмыс істейтін сот төрағасынан да. Бұл туралы «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңда нақты жазылған. Яғни, онда қызметкер жемқорлық әрекетке барса, мемлекеттік органның жетекшісі отставкаға кетуі керек деген норма жоқ.

Әділ шешім шығармайтын судьялар қызметтен босатыла ма? Әрине, босатылады! 2019 жылдан бері осындай факті бойынша 83 судья жұмыстан кетті немесе лауазымы төмендетілді. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда, 4 есе көп. Сондай-ақ, ішімдік ішіп, жол апатына себепкер болған Батыс Қазақстан облысының аудандық сотының төрағасы және карантин шектеулері кезінде моншада жүрген Алматы облысы аудандық сотының төрағасы қызметтен шеттетілді.

Қазір Жоғарғы сот кеңесіне Қарағанды облыстық сотының үш судьясына қатысты материал жіберілді. Жалпы, судьялардың заңсыз әрекетін растап, жұмыстан босату процесі ұзаққа созылады. Яғни, судья этикасы жөніндегі комиссия өз қорытындысын беруі керек, сосын Судьялар одағының орталық кеңесі, Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот алқасы шешімін айтады. Содан кейін ғана Жоғарғы сот кеңесі қарастырып, соңғы шешімді мемлекет басшысы қабылдайды.  

Тегтер: