18 Мамыр 12:43

Ерболат Мұсабек, демограф: Биылғы санақта қазақтардың саны жетпіс пайызға жетуі мүмкін

Фото:

«Қазақстан халқының саны 19 миллионға жуықтады» деген ақпарат тарады. Негізі біз 20 миллиондық межеге 2020 жылы жетуіміз керек еді. Мұны бірер жыл бұрын болжам жасаған демограф-ғалым Мақаш Тәтімов те, демографиялық саясат туралы тілге тиек еткен басшылар да ауыз толтырып айтқан. Бірақ...  

 2021 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы халық саны 18 млн 940 мың 400 адам болған. Оның ішінде қала тұрғындары – 11 млн 204 мың 800 (59,2%), ауыл тұрғындары – 7 млн 735 мың 600 мың адам (40,8%). 2020 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 250,2 мыңға немесе 1,3% артқан.

Соңғы кезде демография жөнінде тұшымды болжам айтып, пікір айтатын маман жоқтың қасы. Қазақстандағы демографтардың «соңғы могиканы» марқұм Мақаш Тәтімов сияқты. Бізге ол сияқты тосыннан ұсыныс айтып, афоризмдері елдің аузында жүретін демограф керек екен. Алайда, дәл сондай белсенді болмаса да, ара-тұра ойын білдіріп жүрген Ерболат Мұсабекті әңгімеге тарттық.

– Қазақстан халқы 19 миллионға жетіп қалыпты. Алайда, біз болжам бойынша 20 миллионға 2020 жылы жетуіміз керек емес пе еді?

– Мұндай әңгіме кезінде айтылған шығар. Қазір статистика бойынша әжептәуір өсім бар. 2007 жылы 14 млн 850 мыңға дейін түсіп кеттік. Соңғы жылдары көрсеткіш артып келеді.

– Алдағы күзде халық санағы өтеді екен. Ол кезде көрсеткіш өзгеруі мүмкін бе?

– Негізі санақ 10 жылда бір рет өтеді. 2019 жылы өтуі тиіс еді, бірақ індетке байланысты уақыты кейінге шегерілді. Санақтың өзі халық санын нақтылау үшін өтеді. Одан бөлек, отбасылық құрамы мен әлеуметтік тұрмысы, білім және жұмыспен қамтамасыз етілуі сияқты көп мәлімет алынады.

– Дұрыс қой, бірақ қоғамда ақпаратқа деген аштық бар. Мақаш тәтімов сияқты ел алдында ұтымды пікір айтатын демограф неге жоқ?

– Мақаш Тәтімов – Мәскеуде оқып жүргенде демография жөнінде көптеген пікірталасқа қатысып, шыңдалған кісі. Ал шын мәнінде, бізде демограф деген мамандық жоқ. Демографтар тапшы екені рас.

Мәскеудің экономикалық-статистикалық инстиутын бітіріп келгендер бар. Олар ұлттық статистикалық бюросында жұмыс істеп жүр. Бірақ олар Мақаш аға сияқты еркін пікір білдіре алмайды. Олай сөйлеу – анализ емес. Олар нақты көрсеткішті айтады, болды.

Жалпы, бізде демография мамандарын неге дайындамайды? Әлде, бізде демография мәселесі түпкілікті шешілген бе? Осыны Білім және ғылым министрлігінен сұрап көріңізші.

– Ол кісінің «көк көрпені бүлкілдету» сияқты қанатты сөздері халық арасына кең тарап кеткен ғой.

– Мақаш ағаның солай айтуға қақысы бар еді. Кеңес үкіметінде бұл «қызыл көрпе» еді. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін «көк көрпеге» айналды. Біз олай айта алмаймыз. Себебі, статистикада «ақ көрпе», «көк көрпе» деген жоқ. Тек нақты мәлімет қана бар.

– Күзде өтуге тиіс санаққа дайындық қалай? 2009 жылы өткен халық санағында кемшін тұстар көп анықталып еді. Яғни, кей тұрғындар «Санатта болсақ та, санақта жоқпыз» деп шағымданғаны есте.

– Бұл мүмкін емес. Дәл сол 2009 жылғы санақтың қорытындысын жасауға атсалыстым. 1999 жылы санақ болар алдында әкімшілік-аумақтық бөліністегі жүктемесін жасадым. Ол кезде үлкенді-кішілі елдімекенге дейін қамтыдық. Сондықтан алдымен облыс, сосын аудан, одан кейін қала типтес елдімекендер, ауылдық округтер, бәрі тыс қалмайды. Тіпті, шалғайдағы қыстауға дейін бардық. Демография саласымен айналысып келе жатқаныма 50 жыл болады. Демографиялық көрсеткіштерді қалай есептеуді білемін. Туу көрсеткіші қалай, коэффициенті қанша шығады? Барлық ньюанс маған белгілі.

2002-2003 жылдары «Комсомольская правда» газетінде «Қазақстандағы халық саны 13 млн болды» деген мақала жарияланды. Сол кезде «13 млн емес, ең құрығанда 16 миллионнан асады» деп түзету жасап, айтқаным бар.

Бұдан кейін қоғамда тұрғындар елден кетіп жатыр екен түсінік пайда болатыны даусыз. Иә, тәуелсіздік алған жылдары басқа ұлттың көбі тарихи отанына оралғаны рас. Шамамен, 750 мыңдайы көшіп кетті. 1989 жылғы санақта орыстардың саны қазақтармен бірдей-ақ болды. Қазақтың үлес салмағы 40 пайыз ғана еді. Бұл – бестен екісі ғана.

Қазақтардың үлесі 50 пайызға 1997 жылы жетті. 2009 жыл үштен бірінен аз болатын. Сол кезде қазақтың үлесі 63 пайызға жетті. Алайда, 2009 жылғы ақпанның 25-і мен наурыздың 6-ы аралығында өткен халық санағы аяқталысымен қазақтардың үлес салмағы 67 пайыздан асып кеткені туралы ақпарат тарады. Кейіннен бұл бейресми мәлімет жоққа шығарылды. Ресми мәліметтен кейін қазақтардың үлесі алғашқы деректен азайып қалғаны содан. Санақтың қорытындысын шығармай, дерек қорын өңдемей қорытындыны айтуға болмайды.

Егер 67 пайыз болсақ, сол кезде халықтың саны 18 млн болар еді. Бірақ ол кезде небәрі 16 миллионға жеттік. Шын мәнінде, 67 пайызға жеткенде қалған ұлттың саны да төмендеп кетуі керек. Алайда, ондай жағдай болған жоқ. Көрсеткіштің артында адамдар тұр, әр ұлттың өкілі бар. Сол кезде елімізде тұрып жатқан 400 мыңнан астам өзбек, 300 мыңнан астам украин, 200 мыңнан астам ұйғыр, тағы басқа ұлт өкілдерін қайда қоямыз? Осындай нәрсеге өте сақ болған жөн. Бәрін салыстырмалы түрде қарау керек.

Биыл­ғы санақта қазақ­тар 69 па­йыз­ға жетуі мүмкін. Әрбір 4 жыл сайын мем­лекет құраушы ұлттың үлесіне 2 пайыздан қо­сылып отырады. Былтыр 33 жыл бойы мызғымай тұрған рекорд жаңарды.

1987 жылы Қазақстанда 417 мың бала дүние есігін ашса, 2020 жылы 420 мың сәби өмірге келді. Алланың көзі түзу болғаны шығар, былтыр індеттің салдарынан 30 мыңдай өлім тіркелсе, есесіне туу көрсеткіші де артты.

 Сонымен, 19 миллионға қашан жетеміз?

– Жазға таман. Жылына 250 мың өсім қосылып отырса, 4 жылда 1 млн толтырып отырамыз. Өз ұлтымыздың үлес салмағы артқан сайын, соғұрлым өсім де артады. Тіпті, 1 миллион бала 3 жарым жылда өмірге келуі мүмкін. 2050 жылға қарай қазақтың үлес салмағы 80 пайыздан асуы мүмкін. Ол кезде Қазақстан халқы 30 млн-ға жетеді.  

Тегтер: