30 Сәуір 08:43

Әсел Қалықова: Бұл сұрақты маған емес, Бекшинге қойыңыз!

Фото:

Бұған дейін Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин мен оның орынбасары Әсел Халықованың арасында дау туындаған. Басшы мен орынбасар неге сыйыса алмай жүр?

Әңгіме эпидемиологтарға арналған арнайы қорғаныс киімдерінен басталған сыңайлы. Алайда, Әсел Қалықова «бұл жөнінде келісімге келген де, киімді таңдап алған да өзі» деп Бекшинді айыптаса, Бекшин: «Ол қателеседі. Жеткізушілерге жеке қорғаныс құралдары қандай болуы керегін көрсеттік. Маусымда басшы болып тағайындалдым, оған дейін ешқандай шаруашылық қызметке араласа алмайтынмын. Қазір тексеру тағайындалды. Ол әлі аяқталған жоқ. Қорытындысын қосымша айтамыз», – деп жауап берген. 

Тілшіміз Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықоваға бірнеше сұрақ қойған. Ол өте асығыс жауап берді.

– Әсел Тоқанқызы, Бекшин екеуіңіз неге келіспей қалдыңыздар? Дауға себепші қорғаныш киімдері қалайша «құрылыс киімі» болып кеткен? Соны түсіндіріп беріңізші.

– Оның несін сұрай бересіздер? Комиссия келді. Жандарбек Мұхтарұлы да органдар тексеріп жатқанын айтты. Соның қорытындысы шықса, өзіміз-ақ сіздерге айтамыз.

Тағы бірдеңе айтайын, киімнің құрылысқа арналғаны туралы ақпарат дұрыс емес. Ол – кәдімгі медициналық киім. Бірақ Бекшин мырза: «Бұл шаңнан, кірден, бояудан сақтауға арналған қорғаныс құралдары, яғни, ол құрылысқа арналған. Олар бәрін өткізеді. Онда тесіктер бар, оларға үрлеп, су құйып көріңіз. Олар вирус өтуіне жол бермеуі керек. Бұл құрылысшыларға арналған қорғаныс киімі. Оларды пайдалану қауіпті. Мен материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жібердім, сараптама жасалды», – деді. Жалпы, «Құрылыстағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы», «Жеке қорғаныш құрылыс құралдары» түсінігі қарастырылмаған, тек «арнайы киім» түсінігі бар.

– Сонда дауға себеп болған киімдерге кім жауапты?

– Біріншіден, Қазақстанда мемлекеттік сатып алу бірнеше жылдан бері электронды портал арқылы жүзеге асырылып келеді, сондықтан тікелей қолтаңбасы мен мөрі бар ешқандай құжат болуы мүмкін емес.

Екіншіден, жеке қорғаныш құралдарына қатысты мемлекеттік сатып алу қолданыстағы заңнама аясында өтті. Сонымен қатар, жеткізушілер жеткізген тауарларды қабылдауға мен қатысқан жоқпын, ол үшін функционалдық міндеттеріне кіретін лауазымды тұлғалар анықталды.

Одан бөлек, тауарды жеткізу кезінде өнім берушілер осы саладағы монополист саналатын «дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК берген сапа сәйкестігінің сертификаттары мен тіркеу куәліктерін берді, бұл «ҚазЭКСПОАУДИТ» ЖШС немесе өзге де зертханалардың медициналық мақсаттағы бұйымдарға жататын жеке қорғаныш құралға сараптама жүргізуге құқығы жоқ дегенді білдіреді.

 Сіз айтқандай, Жандарбек Мұхтарұлы қорғаныш киімін, өзі таңдап, өзі тапсырыс берсе, неге басқаша сөйлеп отыр?

– Мен қайдан білейін?! Осы сұрақты маған емес, соған қоймайсыз ба?

– Сонда 7 мыңға жуық қорғаныш киімі қоймада жатыр ма?

– Иә, қоймада жатыр.

– Қазір вирустың қайта өршуіне байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологтар сенбі-жексенбі күндері де демалыссыз жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ онсыз да айлықтары аз эпидемиологтарға бірнеше айдан бері үстемақы төленбеген. Сол себепті олар наразылық танытып жатқан көрінеді. Бұған не дейсіз?

– Оны кім айтты? Бұл сұрақты да бас санитар дәрігер Жандарбек Мұхтарұлына қойыңыз. Ол – департамент басшысы. Бұл туралы сол ғана ақпарат бере алады.

– Қаладағы эпидемиологтардың жағдайы үшін жауап бере алмайсыз ба?

– Жауап беремін. Бірақ басшылық қызмет соның қолында ғой.

P.S. Тілшіміз департамент басшысы Жандарбек Бекшинге де телефон соққан. Бірақ ол әдеттегідей телефон тұтқасын көтермеді. Сол себепті Б.Бекшиннің атына ресми сауал жолдаймыз. Өйткені, қысылтаяң шақта «екі қошқардың» басы бір қазанға сыймауы алдыңғы шепте жүрген эпидемиологтарға зардабын тигізуі әбден мүмкін. 

Тегтер: