6 Мамыр 18:19

Тоғыз бала тәрбиелеп отырған батыр ана «Құрмет» орденінің иегері атанды

Фото:

Әйел заты өзіне жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен қарайды. Оған дәлел де жеткілікті. Сондай жанның бірі, Ішкі істер министрлігі Жамбыл облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Диляфруз Кенжеханованы өз жұмысын тиянақты атқарғаны үшін бүгін президент Қ.Тоқаев «Құрмет» орденімен марапаттады.

Ол Ішкі істер органында 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал 2020 жылы Жамбыл облысы жол полициясының аға инспекторы қызметіне кірісті. Бір айта кетерлігі, Диляфруз – жұмысымен қоса, 9 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Оның бесеуі – өзінің туған балалары болса, төртеуін асырап алған. Батыр келіншек кәмелетке толмағандардың ісі бойынша жергілікті полиция басқармасында да жұмыс істейді. Кішкентайының 3 жасқа енді толғанына қарамастан, батыр ана өзінің ювеналдық полициядағы қызметін тоқтатқан жоқ. Асырап алған балаларын да ол осы қызмет бабымен жолықтырыпты.

«Тараз қалалық №55 мектепте «Мектепке қадам» акциясында мен комиссия мүшесі болдым. Осы іс-шара барысында әке-шешесіз қалған 4 бала анықталды. Олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көргенде, жүрегім қан жылады.

Ұл балалардың да үсті-басы кір, қаршадай қыз балалар ыдысты суық сумен жуып отыр. Көріп жаным ауырды. Көз жасымды тия алмай, жылап жібердім. Олардың тек атасы бар екен. Құжаттары да жоқ. Іс-шара бірнеше күнге созылды. Балаларды үйге алып кетіп, құжаттарын жасауға көмектесем деп уәде бердім. Бұл акция біткенше, балалар менімен үйде болды.

Осы уақытта бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Олар өздерін қалдырмауымды өтінді. Жүрегім шыдамады. Балаларды өз қамқорлығыма заңды түрде аламын деп шештім. Содан бері атасы да, балалар да толық менімен тұрады», – дейді аға инспектор Диляфруз Кенжеханова.

Оның айтуынша, сырттан бала асырап алу туралы шешімін туған балалары да түсіністікпен қабылдаған.

«Марат, Рахим, Рамиля және Диана. Олар бір үйдің балалары, яғни туған бауырлар. Асырап алды деген сөз ұнамайды. Олар қазір менің балаларым. Мен үшін «өзгенің баласы» деген ұғым жоқ. Үйдің үлкені – Марат, ол қазір 19-да. Кішісі – Шынарбек 3 жаста. Жұмысымды отбасыммен қатар алып жүруге балаларым да көмектеседі», – дейді ол.

– Полиция қызметкері болған соң, барлық жерде темірдей тәртіп орнатуға тырысамын. Үйде де сол. Таңертең таңғы 06.00-де тұрамыз. Таңғы асымызды ішіп, үй жұмысын әрқайсымыз бөліп аламыз. Балаларым ақылды, тіл алғыш. Өздеріне жүктелген міндетті тиянақты орындауға тырысады. Балалар соған үйренді. Бір-біріне қарайласады, үлкендері кішілеріне қорған. Мен не айтсам, бәрін орындауға тырысады. Түскі үзілісте келіп тамақтарын беріп кетем, өздері орнын жинайды, ыдыс жуады. Менің жұмысымның қиындығын түсінеді. Әдетте кешкі астан соң бәріміз отырып әңгімелесеміз, ойын ойнап, уақытты бәріміз бірге өткіземіз, – деді көпбалалы ана.

«Балалардың бәрі бірдей мейірім мен махаббат көріп өсуі керек. Қазақта «жетім көрсең, жебей жүр» деген мақал бар. Мен сияқты бірнеше баланы өз қамқорлығына алған аналар көп. Сондай аналардың арқасында елімізде «Жетімдер үйі» азайып, әке мен шешенің қамқорлығын көріп өседі. Бала асырап алудан қорықпау керек», – деп түйіндеді пікірін. 

Айта кету керек, 2020 жылы көпбалалы ана Дилафруз Кенжеханова туралы «Хабар» агенттігі «Мама» қысқаметражды фильмін түсірді. Биыл «Қайырымдылық керуені   –  2021» республикалық байқауының «Мейірімді жолында» аталымы бойынша 3-орынға ие болды.

Бүгін «Құрмет» орденінің иесі атанған Диляфруз Кенжаханова туралы президент Қ.Тоқаевтың өзі: «Ол кәсіби қызметін адал атқарып қана қоймай, 9 баланы жалғыз асырап отырған ана», – деп бір серпілтіп тастады. 

Тегтер: