9 Мамыр 19:12

Мойнына пышақ ұрса да, қылмыскерді ұстаған

Фото:

Отан қорғаушылар күніне орай, жемісті еңбек етіп жүрген Ішкі істер саласының бірқатар қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. Солардың қатарында полиция аға-лейтенанты Нұржан Кәкеев те бар. Оның кеудесіне ІІ дәрежелі «Айбын» орденін президент Қ.Тоқаевтың өзі тақты.

ІІМ Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Өскемен қаласының полиция басқармасы патрулдік полиция батальонының инспекторы Нұржан Кәкеев бұл марапатты қандай ерлігі үшін алды? Сәл шегініс жасайық.

8 ақпанға қараған түні Өскемен қаласының «102» қызметіне  көп қабатты үйдің тұрғынынан екі азаматтың тынышқты бұзғаны туралы хабарлама келеді. Сол жерге полиция басқармасының патрульдік жасағы дереу жетеді.  Шақыру орнына келген патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары-полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеев пен полиция аға лейтенанты Бекарыс Абдолданов 9-қабаттың баспалдақ алаңында бір-бірімен қатты сөйлесіп, спирттік ішімдік ішіп тұрған екі адамды көреді. Полиция қызметкерлері ер адамдарға тәртіпті бұзғанын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Алайда, олар дауласып, полиция қызметкері Нұржан Кәкеевтің мойнына кенеттен пышақ ұрып, қашып кеткен. Кәкеев алған пышақ жарақатына қарамастан құқық бұзушының артынан қуады. Ол ол ма, әлгі ер адам полиция қызметкерлеріне тағы да пышақ қолданбақ болған. Содан кейін полицейлер ер адамды қарусыздандыру үшін «ПР» арнайы құралын қолданыпты.

Яғни, шабуылдаушының қолын резеңке таяқшамен ұрған кезде пышақ та жерге түскен. Осылайша, 24 жастағы ер адамның үстінен ҚР ҚК 380-бабы «билік өкіліне күш қолдану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеевке ота жасалып, біраз уақыт ем алған соң қызметіне қайта кірісті.

«Жігіттердің жасы 25-30 шамасында. Жарақат алсам да еш ойланбастан қуа жөнелдім. Подъезден шыға салысымен қаруланған тәртіп бұзушы қайтадан шабуыл жасамақ болды. Сол кезде әріптесім екеуіміз резеңке таяқпен қолындағы пышақты қағып түсірдік де оны құрықтадық. Көп ұзамай екінші жігіт де ұсталды. Атыс қаруын қолданбаған себебіміз – далада өзге адамдар жүрді. Оқ басқаға тиіп кетуі де ықтимал еді», – дейді Нұржан Кәкеев.

Ол осы ерлігі үшін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Айбын» орденін алды. «Сол кезде «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілген еді. Ал «Айбын» ордені маған артылған жауапкершілік. Полиция қызметкері болу – бала кездегі арманым. Бұл мақсатыма жеткеніме шүкір деймін. Енді әрі қарай да қызметімді абыроймен атқарғым келеді. Қазір құқық қорғау органында қызмет етіп жүргеніме 2 жыл болды. Жұртқа пайдам тиіп, елдің ризашылығын алған сәттерде одан сайын шабыттана түсемін», – дейді сақшы. 

Тегтер: