5 Мамыр 15:06

Сот НЕГЕ Комитетті «ҚазТрансГаз Аймаққа» тағы жығып берді?

Фото:

Кәсіпкерлік кодексті алға тартқан монополист сотты иландыру үшін барын салғанға ұқсайды. Өйткені сот монополистің арызын қанағаттандырып, монополияға қарсы ведомство қойған талаптың күшін жойды. 

Өткен жылдың қыркүйек айында Түркістан облыстық прокуратурасы Табиғи монополияларды реттеу департаментінен 2015-2020 жылдар аралығында тауарлық газ ұсыну кезінде ақылы қызмет көрсету туралы толық ақпаратты беруді сұратқан болатын. 

Прокуратураға жауап беру үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті бұл деректер бойынша тікелей газбен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға сауал жолдаған. Бір аптадан кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ монополияға қарсы департаментке ресми жауап қайтарып, онда сұратылған ақпаратты беруден бас тартқан. 

«Тауарлық газбен қамтамасыз ету бойынша көрсетілген ақылы қызметтер туралы ақпарат көрсетілетін қызметке жатпайды», – деп «ҚазТрансГаз Аймақ» заңгерлері жауап қайтарған.

Осы арада екі аптадан кейін монополияға қарсы департамент газ қызметкерлерінен «заң бұзушылықты он күн ішінде жоюды» талап етеді. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ уәкілетті органға ақпарат ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 3 111 360 теңге айыппұл салынды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына монополияға қарсы басқармаға талап арызбен жүгінді. 

Газ компаниясы Департаменттің өз құзыретіне кірмейтін ақпаратты сұрағанын, шешім кәсіпкерлік кодексті бұза отырып шығарылғанын мәлімдеді. Сот шешімінде департамент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін емес, прокуратура органдарына ұсыну үшін ақпарат сұрағаны көрсетілген.

Сонымен қатар, сот прокуратураның бұл ақпаратты «ҚазТрансГаз Аймақтан» өздері тікелей алуына болатынын көрсетті. Сот талқылауы барысында тауарлық газбен қамтамасыз ету реттелетін қызметтерге жатпайтындығы расталды. Сол себепті аталған қызметті мемлекеттік реттеу және осы қызметтерге қатысты мемлекеттік бақылау қолданылмайды.

Нәтижесінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның талап арызы толығымен қанағаттандырылды, монополияға қарсы органның бұйрығы жойылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

Nege.kz тілшісі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, сот шешіміне байланысты түсініктеме сұраған. Алайда газ таратушы компанияның өкілі «сот шешімі әлі күшіне енбегенін» айтып, түсініктеме беруден бас тартты. 

Тегтер: